Авиатор елдімекенін көктемде су шайып кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Авиатор елдімекенін көктемде су шайып кетуі мүмкін

08.11.2024

Ақтөбенің іргесінде «Авиатор» деп аталатын елдімекенді көктемде қайтадан су басуы мүмкін. Сондықтан іргеге бөгет салу қажет. Ал, ауылды қаламен жалғайтын жалғыз көпірді биыл су шайып кетіп, қирап жатыр. Жұрт қлаға қатынай алмай отыр, әсіресе, балаларға қиын. Олар мектеп автобусына міну үшін екі шақырым жаяу жүруге мәжбүр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл ауыл еңісте орналасқан. Көктемгі су тасқыны кезінде мұндағы оннан аса үй қирап қалды. Тұрғындарға метериалдық көмек берілді. Алайда, мәселе толығымен шешілген жоқ.

Бұл негізінен бау-бақша ұжымы болғанымен, 300-ден аса отбасы осы жерден үй салып, мекен етіп жатыр. Тұрғындар бұған дейін өздері қаржы жинап, шағын өзеннің үстінен көпір салған. Дегенмен, ол көктемде бұзылды. Қазір бұл жермен жаяу адамның өзі әрең өтеді.

Сабыр Бақтығалиев, тұрғын:

Машина да, адамдар да өте алмайды. Машина өткенде қыста қиын болады. Жазға қарай, көктемде су келеді, мына жердің бәрін су алып кетеді, бізге қатынас қиын болады. Ана жақта 5 километр жерде көпір бар, соған қатынап өтеміз.

Көлігі бар тұрғындар су кетіп, жер қатқаннан кейін ғана көпірдің жанымен ілдебайлап жүріп жатыр. Сайдың ар жағында көлік нөпірі көп үлкен жол бар. Балалар мектеп автобусына сонда барып мінеді. Ол жол адамдар өміріне қауіп төндіріп тұр.

Зина Сұлтанова, тұрғын:

Осы жерден екі оқушыны қақты. Бір кішкентай баланы қақты. Үш жасар баланы анасымен қақты. Бұл жерде ылғи авария болады.

Тұрғындар әкімдіктен тез арада көпір салып беруді сұрайды. Одан бөлек, мектеп автобусы балаларды жақын жерден алып кетсе дейді. Алайда жауаптылардың айтуынша, шаруаның жақын арада шешілуі неғайбыл.

Айдарбек Жұмабек, қалалық түкш бөлімінің бас маманы:

Қандай да бір жобаны жасар алдында Мемлекеттік сараптама керек. Ағымдағы жылға ол жерге жоба қарастырылмаған. Қала бойынша қазіргі таңда 4-5 көпірдің жұмысы жүріп жатыр. Алдағы жылы ол жердің мәселесін қолға алып, жоба қарастыратын боламыз.

Бұл елдімекеннің алдағы жылдары да суға кету қаупі бар. Оның алдын алу үшін бес жүз метр аумаққа бөгет тұрғызу мәселесі де күн тәртібінде тұр.



Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу