9 млн-ға жуық қазақстандықтың банкте қарызы бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

9 млн-ға жуық қазақстандықтың банкте қарызы бар

08.11.2024

Халықтың банк алдындағы қарызы тағы өсті. Тіпті шекті мөлшерден асып кетті. Бүгінде еліміз бойынша 9 млн-ға жуық қазақстандықтың несиесі бар. Сарапшылар бұл экономикаға ауыр соққы екенін айтып, дабыл қақты. Тығырықтан шығар жол бар ма? Мамандар не дейді? Тілшіміз жауап іздеді.

Елімізде «қарыздан қарызға» өмір сүретіндер көбейді. Той жасау үшін де, ұялы телефон алу үшін де несие рәсімдейтіндер жетерлік. Тіпті азық-түлікті де қарызға алатындар аз емес.

Иә, дәл осылай 9 млн-ға жуық адам қарызға батып отыр. Яғни, еңбекке қабілетті азаматтардың 94 пайызының несиесі бар. Бұл көрсеткіш 100 пайызға жетсе, мамандар экономикалық тұрақсыздық пайда бола ма деп алаңдайды. Өткен айдың өзінде қазақстандықтар 1,4 трлн теңге берешек алған. Осылайша, халықтың қаржы ұйымдарынан алған жалпы қарызы 22,7 трлн теңгеге жетті.

Сапарбай Жобаев, сарапшы:

Олар бүгінгі күнде тәуекелге барады. 10 адамға несие береді. Ол жұмыс істей ма, пайдасы бар ма, табысы бар ма, қарамайды. 

Несие алушылар да, төлем қабілеті нашар азаматтар да көп. Десе де, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк портфеліндегі несиенің ішінде 90 күннен кешіктіргендердің үлесі 3,2 пайыз ғана. Яғни, алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Десе де, депутат Нұртай Сабильянов халықты одан сайын қарызға батырмау үшін банк жүйесін толығымен реформалау қажет деп есептейді. Себебі, бүгінде қаржы ұйымдары мемлекетке арқа сүйеуді әдетке айналдырған. Несие пайызын төмендету үшін олар қазынадан жыл сайын 300 млрд теңге алып отырады. Әлемде бірде-бір мемлекет банк ұйымдарын қаржыландырмайды, - дейді Нұртай Сабильянов. Сол үшін бәсекелестікті арттыруды ұсынды. саланы реттеу үшін Мәжіліс жаңа заң жобасын әзірленіп жатыр.

Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Банктердің табысы өссе, олардың экономикаға әсерін көріп отырған жоқпыз. Биылдың өзінде банктердің табысы 2 трлн-ға жеткен екен. Одан дұрыс салық та төлеп отырған жоқ. Бөлетін қаражатты тоқтатуымыз керек. 

Ал бәсекелестікті арттыру үшін келесі жылы елімізде бірқатар шетелдік банк ашылады. Бұл пайыздық мөлшерлеменің азайып, төлем қабілеті нашар азаматтардың азаюына ықпал етеді, дейді сарапшылар.


Хабарламаларға жазылу