СҚО-дағы бірнеше елдімекенде жарық жиі өшеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар СҚО-дағы бірнеше елдімекенде жарық жиі өшеді

СҚО-дағы бірнеше елдімекенде жарық жиі өшеді

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында орналасқан бірнеше ауылда жарық жиі өшіп, тұрғындарды әуреге салады. Көпшілік әсіресе кешкі уақытта тұрмыстық техниканы пайдалана алмайды. Кернеу төмен болғандықтан, электр қуатының күші жетпейді. Салдарынан бірнеше отбасының теледидар, тоңазытқыш сынды тағы басқа тұрмыстық техникасы күйіп кеткен.

Асыл Мұқажанова жарық өшсе көз майын тауысып, май шаммен оқушылардың дәптерін тексереді. Ауыл тұрғыны әсіресе боранды күндері электр қуаты болмай қалатынын айтады.

Асыл Мұқажанова, Айыртау ауылының тұрғыны:

Осылай шаммен отырады. Көбіне көрші ауылдар Лобаново, Шалқар жақтарда сөнеді.

Бұл желілер ақмолалық «КөкшетауЭнерго» компаниясының қарамағында. Солтүстік Қазақстан облысының 5 ауданы аталған серіктестіктен қуат алады.

Нәсиба Боробаева, Айыртау ауылының тұрғыны:

Мұздатқышты қыстың кезінде өшіріп қоямыз, жарыққа жеңілдік болсын деп. Кір жуатын кезде бәрін өшіріп алып, өзіміз қараңғыда отырамыз. Теледидар қоспаймыз. 

Ауылда Нәсиба Боранбаева сынды тұрмыстық техникасынан айрылғандар көп. Елдімекенде 150-ден астам шаңырақ түтін түтетіп отыр. Түнде көшелердің басым бөлігінде жарық болмайды. Мектеп маңы да қараңғы.

Анар Метерова, Айыртау ауылының тұрғыны:

Түнге қарай көшемізде жарық жоқ. Мектепте таңертең, түсте оқитын балалар бар. Қаңғыбас ит көп, олар қорқады.

Аудандық әкімдік өкілдері электр қуатына деген сұраныс артқандықтан, трансформаторлар шыдамай жатқанын айтады. Жауаптылар мәселе біртіндеп шешілетінін жеткізді.

Бұл желілер 1960 жылдары қолданысқа енгізілген. «КөкшетауЭнерго» компаниясының иелігіндегі электр сымдарының 70 пайызға жуығы тозған. Зардабын қарапайым тұтынушылар тартып отыр.

Эльмира Кәленова

Бөлісу