Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесіне – 10 жыл. Осыған орай, бірқатар сала мамандары, аналар және әкелер кеңесінің мүшелері елорда да бас қосты. Олар бала тәрбиесі, әке мен ананың отбасындағы рөлі туралы ойларын ортаға салды. Астана қаласы прокуратурасының басқарма бастығы Айжан Аймағанова Аналар кеңесінің қоғамдағы мәселелерді шешуге бір кісідей атсалысып жүргеніне тоқталды.
Айжан Аймағанова, Астана қаласы прокуратурасының басқарма бастығы:
Аналар кеңесінің мүшелері әрқашан қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, оны шешуге белсенді қатысуда. Оның ішінде құқықтық тәрбие беру мәселесі де бар. Өздеріңізге мәлім кейінгі кездері жастар арасында құқық бұзушылық көбейді, вандализм, зорлық-зомбылық, балаларға қатысты қылмыстардың артуы алаңдатады.
Жиын барысында Аналар кеңесінің арнайы номинациялары табысталды. «Аялы алақан» номинациясын Ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға қамқорлық көрсеткені үшін, кеңестің ШҚО-дағы төрағасы иеленді. Ал ел үміті номинациясы Жетісу облыстық Аналар кеңесінің төрағасына берілді.
Айта кетейік, ел бойынша кеңеске 18 мың ана мүше.
Аида Ахметбек