Үкімет шағын және орта бизнес белдеуін дамытуда елеулі әлеуетті көріп отыр. «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» форумында Премьер-министр осылай деді. Олжас Бектеновтің айтуынша Инвестициялық штаб қазірдің өзінде шамамен 45 млрд АҚШ долларын құрайтын 90-нан астам жобаны қарап шыққан. Үкімет басшысы бизнестің кадр даярлау ісіне ынтасын арттыру қажеттігін де атап өтті. Қазір 9 мыңнан стам кәсіпорын дуалды оқыту жүйесіне қол ұшын берсе, 518 компания 410 колледжді өз қамқорлығына алған. Бірақ, оның өзі аз деді Премьер-министр. Сондай-ақ елімізде отандық тауарлардың және тауар өндірушілердің бірыңғай ашық реестрі әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл бастама жалған тауар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Сол үшін саланы цифрландыру жұмыстары одан әрі жалғасады деді ол.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Біздің мақсат бизнес өзінің идеяларын жүзеге асыра алатын, кеңейіп, дамып, өз болашағына инвестиция құя алатын экономика жасау. Бұл тұрғыда әр кәсіпкер мемлекеттік органдардың ашықтығына және керек кезде шұғыл әрекет ете алатынына сенімді болуы маңызды. Жаһандық сын-қатерлер мен технологиялық прогрес заманында біз бизнесті қолдау механизмдерін жетілдіріп қана қоймай, ел экономикасын белсенді түрде әртараптандыру керектігін түсінеміз.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы
Біздің барлық идеяларымыз 3 негізгі бөлімнен тұрады. Тұрақтылық, даму, ыңғайлық және объектілік. Бұл біздің басты бағдарымыз, оған қол жеткізуде бизнестің де, мемлекеттің де мүддесі ескеріледі. Бизнеске мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық жобалар, жалпы қолайлы бизнес-климат құру қажет. Жұмыс тәсіліне түбегейлі өзгеріс енгізіп, «bottom up» моделіне көштік. Яғни өңірлерден келетін ұсыныстарға құлақ асамыз.
Бүгінде ел экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі шамамен 37%-ды құрайды. 4 миллионнан астам қазақстандық бизнес саласында жұмыс істейді. Ал, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес өкілдерін балдық жүйе бойынша бағалауды ұсынып отыр. Ұпайлар неғұрлым жоғары болса, кәсіпорын мемлекеттен соғұрлым көп көмек алады. Форумда 10 мыңнан астам адамнан тұратын 158 өңірлік салалық кеңес құрылғаны да айтылды. Бұдан өзге салық салу жүйесін жеңілдету, онлайн платформалармен жұмыс, инженерлік инфрақұрылым мәселесі де назардан тыс қалмады.