Ақтөбеде жас спортшылар су спортымен айналыса алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жас спортшылар су спортымен айналыса алмай отыр

08.11.2024

Ақтөбелік оқушылар су спортымен айналыса алмай отыр. Өйткені, балаларға арналған үш бассейннің үшеуі де жұмыс істемейді. Оның екеуі жөндеу жұмыстарына жабылса, тағы бірі «апатты» деп танылып, мүлдем жабылып қалған. Ата-аналар балаларын жеке меншік қауыздарға апарып амалдауға мәжбүр. Оның өзі барлығына бірдей жеткіліксіз.

Ақтөбеде су спортымен үш мыңға жуық оқушы айналысады. Олардың 600-і қала орталығындағы «Шағала» бассейніне жазылған. Алайда бұл кешеннің жұмыс істемей тұрғанына бір жарым жылға жуықтады. Былтыр көктемде басталған жөндеу жұмысы биыл мамыр айында аяқталуы тиіс еді. Бірақ нысан уақытында тапсырылмады. Ата-аналар қазір балаларын жекеменшік кешендерге тасып жүр.

Әйгерім Әлмұратова, қала тұрғыны:

1800 теңге - бір жарым сағаты. «Дүниеде» 500 теңге. Бірақ бір дорожкада 30 бала жүреді, бір-бірінің басына мініп. Футбол алаңдарын ашып жатыр, ананы ашып жатыр, бірақ бассейнге еш көңіл бөліп жатқан жоқ.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Су спорты кешеніндегі жөндеу жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Басшылығы балаларды қабылдауға дайынбыз деп отыр. Алайда, құзырлы органдардың рұқсатын алу қиынға соғып тұр.

Су спортына арналған өңірдегі ең үлкен кешен де биыл жөндеуге жабылды. Халықаралық талаптарға сай жабдықталған нысанда жаттығатын балалар соңғы жылдары жақсы жетістіктерге де жеткен еді. Алайда олардың нәтижесі күрт төмендеп кетті.

Есберген Аралбаев, қала тұрғыны:

Республикалық жарыс болды. Сонда менің немерем үшінші орын алды, басқалары ала алмай қалды. Нәтижелері төмендеп кетті. Алдында алып жүрген балалар.

Жауаптылардың айтуынша, «Достық» кешеніндегі жөндеу жұмыстарына 287 млн теңге бөлініпті. Қазір соңғы жұмыстары ғана қалған. Енді тез арада санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің рұқсатын алып, балаларды қабылдауы тиіс.

Шыңғыс Шоқпытов, облыстық Спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Мердігер недобросовестный болып танылды басқа обьект бойынша. Сондықтан жұмыс ұзаққа созылып кетті. Жұмысын енді келесі аптадан жаңартады. Бассейнге су толтырылып, барлық жұмыстар жүргізілді.

Шаһардағы «Дельфин» деп аталатын бассейннің де есігіне қара құлып салынғанына көп болды. 55 жыл бұрын қолданысқа берілген нысан әбден ескіріп, апатты деп танылды. Жергілікті билік өкілдері келесі жылы бұл ғимаратты бұзып, орнына жаңасын саламыз деп отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу