Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакавамен кездесті. Азия даму банкі 1994-2024 жылдар аралығында Қазақстанда жалпы сомасы 7 миллиард долларға жуық жобаларды қаржыландырды.
Атап айтқанда, банк Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізін салуға, сондай-ақ Ақтөбе – Қандыағаш жолын қайта жөндеуге қатысты.
Қазақстан Президенті жаңа басым бағыттар бойынша бірлескен шараларды одан әрі жалғастырудың маңызды екенін атап өтіп, экономиканы декарбонизациялау өзара іс-қимылдың перспективті салаларының бірі екеніне тоқталды.
Ал Масацугу Асакава Азия даму банкі еліміздің экономикалық реформалары мен орнықты даму жолындағы табысын оң бағалады. Сапар аясында жалпы құны 300 миллион доллардан асатын «Қызылорда – Жезқазған» автожолының құрылысын қаржыландыру туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр.