Отырар ауданында бірнеше жерге уран қалдығы төгілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отырар ауданында бірнеше жерге уран қалдығы төгілген

07.11.2024

Түркістан облысының Отырар ауданында бірнеше жерге уран қалдығы төгілген. Оның кейбірін тіпті жергілікті тұрғындар түсіріп алған.

Жергілікті халық осы мәселені шешу үшін біраз уақыттан бері тиісті органдарға шағымданып келеді. Мәселе әлі де шешілмегендіктен, тұрғындардың үстіне мынадай қотырлар қаптап кеткен.

Көксарай ауылының тұрғындары қазір күн сайын емхана табалдырығын тоздыратын болған. Себебі жасы да, жасамысы да тері ауруына шалдығуда. Тіпті жаңа туған сәбилер де лейшманиоз болып, ем қабылдауға мәжбүр.

Жанат Тасқызы, дәрігер:

Лейшманиоз науқасына күдікті біздің қазіргі осы уақытқа дейін 118 адам тіркелді бізге. 70 адамның емін бердік үйлеріне. Осы уақытқа дейін жаңағы 118 адамның ішінде 3 адам облыстық кожвендиспансерге жатып, емделіп шықты.

Жергілікті халық аурудың соңғы екі жылда белең алуын уран өндіретін компанияның қоршаған ортаны ластауымен байланыстырады.

Жолбарысхан Мырзапейіс, Көксарай ауылының тұрғыны:

Былтырдан бастап осы жара көбейе бастады. Бұл жараның ешқандай емі жоқ. Біз халық оны төгіліп жатқан ураннан көреміз. Кислотадан жұғуы мүмкін. Кислотаның кішкентай ұшқыны болса күйеді. Соның ұшқыны келіп күйдіріп жатыр ма, бұл белгісіз нәрсе.

Жуырда уран өндіруші компания жұмысшыларының бірі күкірт қышқылын иен далаға төгіп, қоршаған ортаны ластап жатқаны әлеуметтік желіде тарап кеткен еді.

Осы бейнежазба тарағаннан кейін облыстық Экология департаментінің мамандары жоспардан тыс тексеру жүргізіп, қоршаған ортаны ластау дерегін анықтады.

Нұржас Нұрболатұлы, Түркістан облысы бойынша бас экологиялық инспектор:

Тексеру нәтижелері бойынша күкірт қышқылымен «Заречное» АҚ өндірістік аймағында қышқылды заттармен жерлерді бүлдіргені анықталып отыр. Сол себептен қазір қылмыстық құрамы бар-жоғын анықтау мақсатында Отырар аудандық полициясына жолданып отыр.

Алайда «Қазатомпром» ұлттық компаниясының өкілдері «Заречное» кен орнында қалдықтар өңделіп, тиісті орындарға тасталатынын айтады. Десе де жұмысшылардың салғырттығынан кемшіліктерге жол берілгенін жоққа шығармады.

Манас Ысқақов, «Қазатомпром» ҰК өндірістік қауіпсіздік Департаментінің директоры:

Видеода көрсетілген жерлерде шектеуді асқан анықталған жоқ. Бірақ басқа жерлерден раствордың төгілгені анықталды. Сондай оқиғалардың болғаны бізді алаңдатып отыр «Қазатомпромды». Алаңдатқан соң біз қазір ішкі тексерулерді жүргізіп жатырмыз. Ондай нәрселерді болдырмау және азайту үшін шара пайдаланамыз.

Қалай болғанда да қазір Экология департаментімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, өндірістік компанияға ластанған жерлерді толықтай тазалау мен қалпына келтіру туралы нұсқама берілді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу