Алматыдағы автобус апаты: Айыпталушы істі прокурорға қайтаруды сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы автобус апаты: Айыпталушы істі прокурорға қайтаруды сұрады

07.11.2024

Алматыда адам өлімімен аяқталған автобус апатына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Қоғамдық көлікпен соқтығысқан жеңіл көлік жүргізушісінің қорғаушысы судьядан істі прокурорға қайтаруды сұрады. Адвокаттың сөзінше, тергеудің аяқталғаны туралы іс материалымен адвокат та, айыпталушы да таныспаған. Судья қорғаушының өтінішін қарап, шешімді ертең қабылдайтынын айтты. Қылмыстық істі Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты қарап жатыр. Алдын-ала тыңдалымға мемлекеттік айыптаушы, жеңіл көліктің жүргізушісі мен қорғаушысы және жәбірленушілер қатысты.

Еске салайық, биыл маусым айында Алматыда KIA маркалы көлік жүргізушісі Мақатаев көшесін кесіп өтіп, 18-ші бағыттағы автобуспен соқтығысқан еді. Оқиға салдарынан автобустағы 25 жолаушы зардап шегіп, бір адам көз жұмған.

Арман Қабенов, қорғаушы:

Қылмыстық істі қарау кезінде заңнама бұзылды деп есептеймін. Бұған дейін қорғаушы тараптың өтініші бойынша сот сараптама тағайындаған. Қорытындысы шыққанша анықтаушы істі 18 қазан күні прокурорға жіберіп тастаған. Ал 24-і іс сотқа жолданған. Сараптаманың қорытындысы 25-і дайын болды. Осылайша бізді қайта немесе қосымша сараптама жүргізу туралы өтініш беру мүмкіндігінен айырып отыр.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу