Трамптың инаугурациясы 20 қаңтарда өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамптың инаугурациясы 20 қаңтарда өтеді

06.11.2024

Әлем көз тіккен АҚШ-ғы Президент сайлауы өз мәресіне жетті. Дональд Трамп араға 4 жыл салып, Ақ үйге қайта оралмақ. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, 277 дауысы бар экс-президент 224 дауыс жинаған Харристан озып, жеңіске жетті. Десе де, ресми нәтиже әлі шыққан жоқ. Бұл жолғы саяси науқан бұрын өткен сайлаудан өзгерек. Америкалықтар ерекше белсенділік танытты. Сексен миллионнан аса адам алдын ала таңдауын жасап үлгергеніне қарамастан сайлау учаскелерінде ұзын-сонар кезек болды. Сайлау барысын шетелік байқаушылар бақылады. Олардың қатарында еліміздің делегациясы да болғанын айта өтейін. АҚШ-тағы сайлаудың ерекшелігі жайлы халықаралық шолушы Арай Төлегенқызы баяндайды.

АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетті. Экс-президент сайлаушылардың 270-тен астам дауысын жинаған. Трампты құбылмалы деп саналған Солтүстік Каролина, Джорджия, Пенсильвания мен Висконсин штаттарының тұрғындары қолдау көрсеткен. Ал оның демократиялық партия атынан қарсыласы Камала Харриске 220-дан астам дауысқа ие болды. Сайлаудың ресми қорытындысы ұзақ уақыттан кейін жария болуы мүмкін. Трамп Флорида штатында қолдаушыларының алдында сөйлеген сөзінде екінші президенттік мерзімі «ел тарихында нағыз алтын дәуір» болады деп мәлімдеді. 

Дональд Трамп, Президенттікке республикалық партиядан кандидат:

Бұл - ең тамаша саяси қозғалыс. Мұндай бұл елде бұрын-соңды болмаған. Еліміздің сауығуына, қайта қалпына келуіне көмектесеміз. Шекараны бекітеміз. Шешілуі тиіс мәселенің бәрін реттеледі.

АҚШ-тағы президент сайлау жүйесінде жеңіпаз жиналған дауыстың көптігімен анықталмайды. Демек халық президентті тікелей сайламайды. Жеңіпазды 538 мүшесі бар сайлаушылар алқасы анықтайды. Олар әр штатта Конгрестегі өкілдерінің санына қарай үлестірілген. Халық саны көп штаттарда делегат саны да көп. Бұл өкілдер сол штатта басым түскен кандидатқа түгел дауыс береді. Мысалы 2016 жылғы сайлауда Хиллари Клинтон Дональд Трампқа қарағанда 3 миллион артық дауыс жинады. Бұған қарамастан делегаттардың көп дауысына ие болған Дональд Трамп президент болып сайланды. АҚШ тарихында мұндай оқиға бес рет болған. 

Джеймс Пи, АҚШ тұрғыны:

Бәрі мен күтпегендей болды. Басында Дональд Трампқа дауыс бергім келмеп еді. Дегенмен Харристің сайлауалды науқанынан, оның саясатынан көңілім қалды. Оның үстіне Байден жарыстан шықты. Сол себепті басқа таңдау жасадым.

Пьер Колфилд, АҚШ тұрғыны:

Көңілім құлазып тұр. Камала Харрис науқан кезінде келгенде оны көруге адамдар көп жиналатын еді. Дегенмен екі тараптың да саясаты анық емес. Ешқайсысы елді басқаруға лайық емес сияқты.

Әлем елдерінің лидерлері Трампты жеңісімен құттықтап жатыр. Олардың арасында Ұлыбритания, Франция, Мажарстан, Польша және Бразилия басшылары бар. Президент ресми түрде қызметіне 2025 жылдың 20 қаңтарында кіріседі. Сол күні Вашингтонда Капитолий алдында ұлықтау рәсімі өтеді.

 Арай Төлегенқызы 

Хабарламаларға жазылу