Боччадан Қазақстан кубогы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Боччадан Қазақстан кубогы аяқталды

06.11.2024

Елордада өткен паралимпиадалық спорт түрі боччадан Қазақстан кубогы аяқталды. Республикалық додаға еліміздің 14 облысынан 85 спортшы бақ сынады. Сайыс нәтижесінде ересектер мен жасөспірімдер арасында төрт дәреже бойынша жеңімпаздар анықталды. Жалпыкомандалық есепте Астана қаласының құрамасы жеңіске жетті. Екінші орын Алматыдан келген ұжымға бұйырса, үздік үштікті Павлодар облысының спортшылары түйіндеді. Жүзден жүйрік шыққандарды Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев марапаттады.

Айта кетейік, қазір елімізде боччамен кәсіби түрде 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі азамат айналысады. Федерация өкілінің айтуынша, олардың қатары жыл сайын көбейіп келеді.

Дамир Әлімжан, боччадан Қазақстан кубогының жүлдегері:

Жарыс өте жақсы болды, қарсыластарым мықты болды. Сөйтіп 2-ші орын алдым. Чемпион болып, Қазақстанның атын шығарып, болашақта шетелге шығып, тренер болғым келеді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Қазіргі таңда елімізде боччаның қарқынды дамып, балалар мен ересектердің осы спорт түріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Тек соңғы жылдың өзінде бочча үйірмелеріне келушілер қатары 20 пайызға көбейді. Аталған спорттың ауқымы да әрдайым кеңейіп келеді. Алдағы уақытта осындай сайыстарға еліміздің барлық өңірінен спортшылар келеді деп сенемін.


Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу