Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты

06.11.2024

Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара сауда айналымы биыл 45 миллиард доллардан асты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бестіктің» Бішкекте өткен саммитінде осындай мәлімет келтірді. Әрі бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайта түсуге мүмкіндік мол екенін айтты. Ол үшін көлік-логистика саласындағы ынтымақты арттыруды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, ұйымға мүше мемлекеттер тиімді тасымал бағытын өзара келісіп пайдалануы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұйымға мүше елдер арасындағы сауда-саттықты жандандыру өте маңызды деп санаймын. Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу