Банктен 2 млрд теңгеге несие алған азамат қарызын кешіру үшін банкроттыққа өтініш берген. Борышкер қазір банкпен соттасып жатыр. Бұл туралы Қаржы министрлігінің өкілі Меруерт Сисембаева мәлімдеді. Қарызынан тез құтылғысы келетіндер арасында 18 жасқа енді толған азаматтар да бар. Толығырақ Айя Мүтәлінің материалы.
37 жастағы Бауыржан Балықбаев банкке 2 млн теңге қарыз. Қомақты қаржыны осыдан 10 жыл бұрын үйлену тойын атап өту үшін алған. Кейіннен жол апатына түсіп, төсек тартып қалған соң, қарыз мөлшері өсе берген. Есепшоты бұғатталып, ресми жұмысқа орналаса алмаған. Содан бері коллекторлармен алысып әлек. «Банкроттыққа» бір ай бұрын ғана өтініш берді.
Бауыржан Балықбаев, Астана қаласының тұрғыны:
Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. ЭЦҚ-ны ашып берді. 7 мыңдық пениясы бар екен. Соны төлесеңіз келісім беріп тұр, бәрі өшеді деді. Жылдам жасап берді.
Дәл осылай қарызын мүлдем өтей алмай жүрген 131 мың адам өзін «банкрот» деп тануға өтінім берген.
Көбі Алматы қаласы мен Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарының тұрғындары. Орташа жас - 40-42. Алайда, өтінім бергендердің 73 пайызының арызы кері қайтарылды. Осылайша, 18 мыңға жуық адамның жалпы сомасы 54 млрд теңге қарызы кешірілді.
Сейілжан Ахметов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:
Өтініштің мақұлданбауының бірнеше себебі бір. 69 мың адам 12 ай бойы төлем жасалмаған деген талапқа сай келмеді. Одан бөлек, жеке мүлкі қарызы 5 жарым млн теңгеден асқан азаматтар да бар.
Несие қарызын өтей алмай жүргендер арасында 18 жасқа енді толғандар да бар. Дәл осындай 38 азамат өтінім берген. Мың теңгедей берешегі бар азаматтар да «банкрот» деп танылғысы келеді. Ал Астана тұрғыны 2 млрд теңгесін кешіруді өтінген. Қазір ол банкпен соттасып жатыр.
Сейілжан Ахметов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:
Несиені берген кезде қаржы ұйымдары белгілі бір деңгейде тәуекелге барады. Сол себепті, қаржы ұйымдары банкрот болғандардың қарызын өзі жабады. Жалпы халыққа ол еш әсер етпейді. Иә, үлкен сомалар бойынша қаржы ұйымдары олармен соттасады. Бұл бағытта кейбір істерде түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
Ескеретін жайт, «банкрот» деп танылған азаматтар үш жыл бойы Мемлекеттік кірістер департаментінің бақылауында болады. Сондай-ақ, 5 жыл бойы несие ала алмайды.
Айя Мүтәлі