Ақмола облысында мыңнан астам шаруа мемлекеттен субсидия ала алмай жүр. Себебі, бюджеттен бөлінген қаржы аз. Төрт-түлік мал ұстап, егін егіп, нәпақасын тауып жүргендер Үкіметтен көмек сұрайды. Көбі жем-шөптің шығынын өтей алмаса, кейбіреуі несиенің пайыздық үстемақысына төленетін қаражатты ала алмай отыр. Оларға берілуі тиіс қаржының жалпы сомасы 37 миллиард теңгеге жуықтаған.
Ардабек Партизан, шаруа:
22 пайыздың 16 пайызын Үкімет ауыл шаруашылығына субсиядия ретінде төлеуге тиісті болатын. Үкіметтен сол ақша түспегендіктен «желтоқсан айының аяғына дейін уақыт береміз, соған дейін Үкімет төлеуі тиісті пайыздық ақшаны тауып, төлемесеңіз, субсидияның кезегінен алып тастаймыз» деген хабар келді.
Қаржылай қолдаудан қағылғандар қазір ауыл шаруашылық басқармасының табалдырығын тоздырып жүр. Көбі субсидияны былтырдан бері алмаған. Дегенмен, мұндағы мамандардың пәрмені арыз-шағым қабылдаудан аспай тұр. Мәселе бюджеттен қосымша қаржы берілсе ғана шешілмек. Жалпы биыл өңірде ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 45,8 миллиард теңге бөлінген.
Айнұр Досанова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
Бюджетте ақша болмағандықтан бүгін біз қарыз алушылардың алдында өзіміздің міндеттемемізді орындай алмай отырмыз. Сондықтан қазіргі таңда қарыз алушылар осы ереженің 34-тармағына сәйкес толығымен өз есебінен төлеуі керек. Содан кейін қосымша бюджет бөлінген жағдайда бүкіл субсидияларды сол қарыз алушының есеп-шотына аударатын боламыз.
Ұмсындық Наурызбаева