Қызылордада жөнделген көпір қайта жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада жөнделген көпір қайта жабылды

05.11.2024

Қызылорда қаласында биыл ғана бастан аяқ жөнделген көпір қайта жабылды. Сырдария өзенінің су реттегіш тоспасы бір жағы жеңіл автокөліктер үшін өткел қызметін атқаратын.

Дарияның екі бетінде қоныстанған 35 мыңдай тұрғын осы көпір арқылы қала мен жақын елдімекендерге төте жолмен қатынады. Мамыр айында ғана іске қосылған өткел енді қайта жөнделмек. Ал шеттегі жұртшылық енді Тасбөгет кентіне 7 шақырымдай айналма жолмен қатынауға мәжбүр.

Марат Құлжанов, қала тұрғыны:

Арғы бетте де қанша халық бар ғой. Сабалақтың халқы келеді Тасбөгетке. Азық-түлік аламыз, қаптап, коропкілеп. Сондайда есіктің алдына дейін барып жүр едік. Қазір енді анау жақпен айналып барамыз ғой 1500 теңге. Мына жерден 500-600 тг апаратын.

Сонау 1950 жылдары салынған су реттегіш тоспа 10 жыл бойы апатты жағдайда тұрды әрі көпірдің қызметін атқарған гидронысанға қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанына биыл үшінші жыл. Жобаға ел қазынасынан 3 миллиард теңге жұмсалған. Дегенмен мамандар көктемде Сырдарияға мол су келіп, жөндеу жұмыстары толық аяқталмағанын айтады.

Елдос Ақышев, «Қазсушар» РМК ҚОФ директорының орынбасары:

Қыркүйек айынан 23 желтоқсан айына дейін жөндеп бітіру жұмыстары уақыты берілген болатын. Сол уақытқа байланысты қазір қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу