Жастар арасында әлем чемпионатында топ жарған спортшыларымыз елге оралды. Черногорияның Будва қаласында өткен бокстан жастар құрамасы рекорд орнатты. Сайысқа әлемнің 73 мемлекетінен, 593 боксшы қатысты. Халықаралық додада 25 боксшымыз сынға түсіп, оның он жетісі жүлдемен оралды. Спортшыларымыз қоржынды алты алтын, бір күміс, он қоламен толтырды.
Сайдың тасындай іріктелген спортшыларымызды Алматы әуежайынан жақындары мен жанкүйерлері ерекше қошеметпен күтіп алды. Әлемдік додада бақ сынаған боксшыларымыздың ішінде, қайсар қыз - Аружан Зейноллаева бар. Ол 81 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасып, алғашқы айналымда Ресей, Польша боксшыларын қапы қалдырды. Ал финалда өзбекстандық Рухшона Парпиеваны айқын басымдықпен жеңді.
Аружан Зейноллаева, Бокстан Әлем чемпионы:
Әлем біріншілігі есте қалды. Жақсы дайындалып бардық. Үлкен дәрежеде өтті барлығы. Алда бұйырса олимпиада. Олимпиадаға дайындалатын боламыз, бұнымен тоқтамаймыз.
Әлем біріншілігінде ел қоржынына бесінші болып алтын салған Бексұлтан Боранбек 51 келі салмақта өнер көрсетті. Отандасымыз іріктеу кезеңдерінде Зимбабве, Молдова, Ресей, Иран боксшыларынан басым түсті. Ал финалда колумбиялық спортшыны 5:0 есебімен ұтты.
Бексұлтан Боранбек, Бокстан Әлем чемпионы:
Әлемдік додада өзіміздің көк байрағымызды көтеріп жатырсақ, бізге сол өте қуаныш. Осал қарсылас жоқ, әлем біріншілігі болған соң. Еліміз үшін, ел үмітін ақтау үшін шаршауға қақымыз жоқ.
Ермахан Ыбрайымов, Сидней олимпиадасының чемпионы:
Біздің жігіттер мен қыздар жарады. Медальді жұлып алды да, 7 Әлем чемпионы болды. Бұл деген бұрын-соңды болмаған тарих.
Командалық есепте 73 елдің арасында Қазақстан құрамасы көш бастады. Өзбекстан екінші болса, Ресей үштікті түйіндеді. Бұған дейін Венгрия, Германияда жастар арасында өткен әлемдік додаларда отандастарымыз 2 алтынмен оралған еді. Ал осы жолы спортшыларымыздың бабы келісті, бағы жанды. Бұл нәтиже – тарихи жеңіс.
Айдана Қуантхан