Ақмола облысындағы Жібек жолы ауылына газ жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы Жібек жолы ауылына газ жіберілді

02.11.2024

Бүгін Ақмола облысына қарасты Жібек Жолы аулында үлкен қуаныш. Елді-мекенге көптен күткен табиғи газ жіберілді. Жалпы ұзындығы 234 шақырым болатын құбыр арқылы сағатына 6 882 шаршы метрге дейін газ жеткізілмек.

Табиғи газ Жібек Жолы ауылының тұрғыны Эльвира Қалдыбаеваға бірінші болып жетті. Көпбалалы отбасының қуанышында шек жоқ.

Эльвира Қалдыбаева, ауыл тұрғыны:

Алдында көмір жағып, пәлен жыл қиналып едік. Енді кешеден бері қуанышымызда шек жоқ. Бірінші Жібек Жолы бойынша менің үйіме кіріп жатыр, ал мына көрдіңіздер барлық газ жанып тұр. Кешеден бері үйді де жылытып жатырмыз газбен. Жылда 12 тонна көмір алатынмын, 200-250 мыңға. Биыл көмір алған жоқпыз, былтырдан қалған 3 тонна бар, ол енді құдай қаласа баняға кететін шығар.

Облыс әкімінің айтуынша газдандыру халықтың өмір сүруын жеңілдетіп, қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді азайтады. Бүгінде жоба арқасында жеті мыңнан астам абонент көгілдір отынға қол жеткізбек.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Аршалы ауданында 16 елді-мекен осы табиғи газға қосылып отыр, Жібек жолы 17-ші, Астаналық агломерация төңірегінде осы жұмыс ары қарай өз жалғасын табады. Бүгінгі таңда 500 аула қосылмақ, жалпы жылдың аяғына дейін 2000 аула. Ал мына жоба бойынша 7000 аула табиғи газға қосылады».

Елді-мекенге көгілдір отын келгелі қауіпсіздік шаралары да ескерілу керек. Нысандарда сервис қызметі дұрыс атқарылуы керек.

Санжар Жаркешов, «Qazaqgaz» ҰК АҚ басқарма басшысы:

Енді күзгі-қысқы жылыту кезеңі келді. Осы жаңа елді мекендерге айтатыным ең басты қауіпсіздік. Үйдің ішіндегң газ нысандары, газ жабдықтарын дұрыс сервистік, жұмысын жасау қарау. Өйткені әр тұтынушының өмірі өздерінің қолында.

Ұлттық компания әкімдікпен бірлесе техникалық шарттарды беріп, сапасын қадағалайды. Тұтынушының да өз жауапкершілігі бар.

Темірлан Нұрсолтанов

Хабарламаларға жазылу