Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері қандай? Еліміздің қаржы саласына жауапты лауазымды тұлғалары мен белді бизнес өкілдері АҚШ-та әлемнің ірі инвесторларына еліміздің әлеуетін таныстырды. Дүние жүзінің негізгі қаржы орталығы саналатын Нью-Йоркте «Қазақстан Қаржы күні» форумы өтті.
Еліміздің инвестициялық ахуалын баяндаған арнайы форумға әлемнің және АҚШ-тың бес жүзге жуық инвесторы жиналды. Олардың қатарында миллиардтаған доллар активтерді басқаратын компаниялардың өкілдері аз емес. Қазақстанның экономикалық жағдайына қатысты осы салаға жауапты мамандар мен ірі қаржы топтарының өкілдері баяндама жасады. Еліміз Уолд-cтрид инвесторларын тек тікелей инвестиция салуға емес, қор нарығына да қаржы құюға шақырып отыр.
Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
Жалпы біз отыз жыл ішінде тікелей инвестиция тартуға ұмтылдық. Стратегиялық инвестор зауыт, өндіріс салса екен деп. Ал қаржы нарығы арқылы капиталды тарту ол бізде аса дамымаған. Негізі бұл бізде өте жақсы капиталдың бірі. Қаржы инвесторлары зауытты басқарғысы келмейді, тікелей капитал салады. Бізге керегі сол.
Әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан елде макроэкономикалық тұрақтылық бар. Инфляция бәсеңдеп келеді. Мемлекеттік сыртқы қарыз төмен деңгейде. Халықаралық қорларда жеткілікті капитал жиналған. Қаржы, салық жүйелерін жетілдіру үшін бірқатар реформа жүргізілді. Бұл шетелдік инвесторлар назарын аударатын негізгі факторлар.
Браян Корп, «Cetberus Capital Management» компаниясының басшысы:
Қазір барлығы цифрландырылған. Бұл заман талабы. Біздің де қызығушылығымыз үлкен. Қазақстанның Орталық Азиядағы қаржы орталығына айналуына өте үлкен мүмкіндіктер бар.
Нью-Иорк – дүниежүзінің негізгі қаржы орталығы. Әлемдегі сауда-саттықтың 62 пайызы Наздак және Нью-Йорк қор биржаларында өтеді. Сондықтан еліміз осы шаһарда алпауыт қаржы институттары өкілдерін жинап, Қазақстанның ивестициялық мүмкіндіктерін жиі таныстырып тұруды қолға алмақ.
Жалғас Сәдібекұлы