Жамбыл облысында Орталық Азия бойынша қалдықсыз жұмыс істейтін бірегей цемент зауытының бір бөлігі іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік желісі тәулігіне үш жарым тонна клинкер шикізатын шығарады. Жалпы құны 50 млрд теңгеге салынған инвестициялық жобаның облысқа әкелер пайдасы да орасан.
Қордай ауданында бой көтерген зауыт жылына 1,5 млн тонна қалдықсыз цемент өндіреді. Сондай-ақ негізгі өнімді алуға қажет 1,3 млн тонна клинкер шикізатын шығарады. Әзірге кәсіпорынның жартылай фабрикат дайындайтын өндірістік желісі іске қосылды.
Қытайдың озық технологиясы қолданылатын цемент зауытын сингапурлық серіктестік салды. Инвестор игі жобаны жүзеге асыру үшін 50 млрд теңге жұмсаған. Өндірістің арқасында өңір экономикасы дамып, салық төлемі тікелей аудан бюджетіне түседі.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
Бастапқы кезеңде 500-дей жұмыс орны құрылады. Толықтай қуаттылығына шығып, өндіріс 1,5 млн тоннаға шыққан кезде 2 млрд теңгедей қосымша ішкі кіріске салықтар төлейтін болады. «Alacem» сингапурлық компаниямен келіссөздер бастап жатырмыз, өңірде тағы да осындай бір зауытты соғуға.
Зауыт құрылысқа қажетті құрастырмалы бетон өнімдерін де шығармақ. Ал цементтің кен көзі 30 жылға жетеді.
Станислав Щербаков, «Korcem» ЖШС бас директорының орынбасары:
Зауыт облыстың 30%-ын цементпен қамтамасыз етеді. Тараздағы тапшылықты жояды. Көрші елдерге де экспорттаймыз. Өнім еуропалық стандарттарға сәйкес жоғары сапада шығарылады. Сондай-ақ біз Атом электр станциясын салуға арналған арнайы цемент түрін де шығарамыз.
Кәсіпорын келер жылы бар қуатымен жұмыс істей бастайды. Жамбыл облысының қоржынында жалпы құны 3,4 трлн теңге болатын 80 инвестициялық жоба бар. Әзірге оның 20-сы іске асып, 700 жұмыс орны ашылды. Ал жыл соңына дейін тағы 15 кәсіпорын іске қосылады.
Данияр Әлімқұл