Жетісу облысында орналасқан «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінде құландар саны артып келеді. Соңғы санақ бойынша ерекше қорғалатын аумақта жануар саны 3600 басқа жеткен. Ұлттық парктің табиғаты мен ондағы жануарларды тамашалау үшін туристер де көп келе бастады. Биылдың өзінде Айғайқұм мен Ақтауды, Бес шатыр мен Қатутауды көруге 25 мың адам келген. Ал «Құландар мекені» фестивалі Жетісудың тұмса табиғатын насихаттайтын айтулы шараға айналды.
Барсакелмес аралынан 1982 жылы жеткізілген 28 құлан саны қазір 3600-ден асты. Қызыл кітапқа енген бұл жануарлардың популяциясын кеңейту мақсатында Алтынемел ұлттық паркінен жануарлар басқа өңірлерге жіберіле бастады.
Қуат Байтұрбаев, «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің директоры:
Біз Іле-Балқашқа 44 бас биыл жіберіп отырмыз. 24 басты Алтын далаға жіберіп жатырмыз. Қазір 20 бас Созаққа жіберейін деп жатырмыз.
Айғайұқұм баурайында өткен Құландар мекені фестивалінде парк қызметкерлері жаңа көліктерге ие болды. 14 жол талғамайтын темір тұлпар кілтін министрлік өкілдері арнайы келіп табыстады. Елімізде ерекше қорғалатын аймақтарға мемлекет тарапынан қолдау артып келеді. Және жылдан жылға ондай жерлердің аумағы да ұлғая бермек.
Данияр Тұрғанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:
Үстірт қорығының аумағын 600 мың гектарға кеңейтеміз деген жоспарларымыз бар. Арал теңізінің ұлтанында, құрыған ұлтанында Арал резерватын құру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Және де Жайық орманы резерваты осы жақын арада құрылуы бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз.
Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, эстрада жұлдыздары ән шырқады. Айғайқұмды көруге келген шетелдіктер де ауқымды шара үстінен түсіп, таңданыстарын жасыра алмады.
Намбрта Сингха, турист /Үндістан/:
Өте керемет. Сиқырлы да таңғажайып табиғат. Сөзбен жеткізу қиын. Өмірімде бірінші рет осындай тамаша жерге келдім. Қызық. Тау басында қар жатыр. Төменде күн жып жылы. Санаулы сағаттың ішінде табиғат өзгере қояды.
Ерекше қорғалатын аумақ қар барысының да тұрақты мекеніне айналды. Соңғы санақ бойынша парк аумағында 17 ілбіс бар.
Қуаныш Қанатұлы