0:00:00
0:00:00
Қазақстан 2029 жылға қарай шетелден 150 млрд доллар тікелей инвестиция тартамыз деген өршіл міндет қойды. Ол үшін кәсіпкерлерге түрлі жеңілдіктер жасалып, мәселелерді жылдам шешетін шаралар қолға алынған. Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қазіргі нәтиже жаман емес. Қыруар қаржыны қажет ететін ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Бұл шетелдік инвесторлар форумы 1998 жылы құрылған. Бүгінге дейін 35 жиыны өтті. Бұл жолғысы 36-кездесу. Кеңес құрамында 32 ірі трансұлттық компания, халықаралық ұйым басшылары бар. Бүгін де олар елге инвестиция тарту Қазақстанның өнімін сыртқа экспорттау төңірегінде ұсыныстар айтты. Жиынға төрағалық еткен президент мемлекет басымдық беретін бағыттарды бағамдап берді. Солардың бірі геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды игеру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады. Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр.
Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан Президент келесі жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған. Сондықтан Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға ниетті инвесторларды іздейміз, – деді Президент. Шетелдік кәсіпкерлер де бұл бастаманы қолдайтындарын айтты.
Рафаэль Сантана, «Wabtec» корпорациясының президенті:
Соңғы 15 жыл бойы Қазақстанға жұмыс бабымен тұрақты келіп тұрамын. Байқағаным жыл сайын инвесторларға жасалып жатқан жағдай жақсарып келеді. Жұмыс күші де қол жетімді. Мамандардың біліктілігін арттыру үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік жасалған. Қазірдің өзінде 1000 нан аса қызметкеріміз бар.
Келесі бағыт энергетика саласы. Мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету Қазақстан экономикасын әртараптандыруға зор үлес қосады. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика секторындағы жағдайды айта келе, ел дамуында халықаралық мұнай компаниялары маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шетелдік инвесторлар елімізге капитал құйып, озық технологиялары мен жоғары білікті мамандарын әкелді. Олардың инвестициясы отандық энергетика саласының дамуына оң ықпал етті: кейінгі 30 жылда мұнай өндірісі үш есе артты. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Қазақстан мұнай өндіру қарқыны жоғары мемлекеттердің үздік бестігіне кірді. Болашақта біз бұл межені жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отырмыз.
Мемлекет басшысы «таза энергетика» секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесіне айрықша тоқталды. Жалпыұлттық референдумда қазақстандықтар қолдаған Атом электр станциясын салу үшін халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз деді ол. Инвесторлардың назар аударуына лайық саланың бірі – агроөнеркәсіп секторы
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту Орталық Азия аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық басымдық саналады. Елімізде ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектардан астам жер бар. Кейінгі алты жылда саладағы экспорт көлемі екі есе ұлғайып, бес миллиард доллардан асты. Біз агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыруды көздейміз. Осы орайда, шетелдік инвесторлардың үлесі бар құны бес миллиард доллардан асатын 100-ден астам жоба қолға алынады,
Көлік және логистика секторында Қазақстан Еуразиядағы негізгі тасымал торабы ретінде өз позициясын нығайтуға ниетті. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудың маңызы зор. Мұндай ірі жобаларға жеке капиталды тарту үшін, бизнес өкілдеріне қолайлы жағдай жасау аса маңызды.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:
Осындай ірі компаниялардың тарапынан сондай жеңілдіктер сұрап жатқаны бар. Ол енді жасырын емес. Қазіргі мәжілісте талқыланып жатқан салық кодексінде де ондай нормалар көзделген. Дегенмен біз бәріне бірдей жеңілдікті беріп қоймаймыз. Бұрынғы қабылданған шарттарды қайта қарастырып, оларды созатын болсақ басқа шарттармен Қазақстанға ыңғайлы жағдаймен созуға барлық жағдайды жасаймыз.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Қаржы құйған Инвесторлар орталықта ғана жұмыс істемейтіні анық. Түрлі жоба өңірдің ерекшелігіне байланысты әр қиырда жүзеге асырылады. Олар қиындыққа тап бола қалса Астанаға сабылмауы үшін әр аймақтарда әкімдіктердің басшылығымен өңірлік инвестициялық штабтар құрылады. Яғни Қазақстан инвесторлардың мәселесін шешуді созбақтамай, қазір және осы жерде қағидатын ұстанады.
Оңғар Алпысбайұлы