Алматыда тергеушілер бірнеше көлікті айыппұл тұрағынан заңсыз шығарып жіберген. Осылай деген заңгер Ғабит Өмірбек прокурордың қаулысына сәйкес автокөліктерді қайта тұраққа әкелуді талап етпек. Еске салайық, жекеменшік автосалондар бір топ адамның көлігін алаяқтық жолмен иемденіп, басқаларға сатып жіберген еді. 30-дан аса тұрғын полицияға арызданған соң іске қатысы бар бірнеше көлік айып тұрағына қойылды. Осы іспен айналысатын, жәбірленушілердің заңды өкілі Ғабит Өмірбек «Әу-баста көлік «заттай дәлелдеме» ретінде танылды, демек сот шешімі шыққанша арнайы тұрақтан шығарылмауы тиіс», - деп отыр.
Ғабит Өмірбек, заңгер:
Қылмыстық істі тергеу барысында, тергеушілер жәбірленушілерге ешқандай хабарлама жіберместен, көліктердің барлығын автотұрақтан шығарып тастапты. Прокурор айтқандай, әділ шешімді судья шығарсын. Оған дейін көліктер айыппұл тұрағында тұрсын деді. Заң бойынша да дұрыс. Қылмыстық істің сотқа жолдануына да көп уақыт қалған жоқ. Бірнеше сараптамалар тағайындалады.
Жәбірленушілер қалалалық прокуратураға қайтадан шағым түсірді. Қазір автокөліктер іздестіріліп жатыр. Еске сала кетейін, жекеменшік автосалондарға алданғандардың алды былтырдан бері ақшасын даулап жүр. Іс алаяқтық деп танылып, арнайы тергеу тобы құрылған еді. Қазір екі күдікті қамауда, біреуі үйқамақта отыр.
Айдана Қуантхан