Испания Еуропадағы 2021 жылдан бергі ең алапат тасқыннан зардап шегіп отыр. Соңғы мәліметке қарағанда, су апатынан қаза тапқандар саны 95-ке жеткен. Осыған байланысты корольдікте қаралы күн жарияланды.
Құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін. Талай көпір құлап, жолдар бұзылып, пойыздар тоқтады. Көп тұрғын жоғалып кеткен. Су апаты құрбандарына байланысты ел премьер-министрі Педро Санчес алдағы үш күнді қаралы деп жариялады.
Педро Санчес, Испания премьер-министрі:
Испания баршаңызбен бірге жылап отыр. Басты міндетіміз – сіздерге көмектесу. Мемлекеттік әкімшіліктер қазір осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Біз сіздерді жалғыз тастамаймыз.
Тасқыннан Валенсия аймағы ең көп зардап шекті. Мұнда жолдар бұзылып, көпірлер мен ғимараттарды су шайып кеткен. Қазір іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр.
Жергілікті ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларына сенсек, билік апатпен күреске дайын болмай шықты. Ал құтқарушылар баяу жеткен. Дегенмен Испания метеорологиялық қызметі халыққа қауіп туралы алдын ала ескерткенін мәлімдеп отыр. Кейбір ғалымдар болса, апатты хабарлау тәсілдерін әлі де жетілдіру қажет деген пікірде.
Ханна Елок, Британияның Ридинг университетінің гидрология профессоры:
Біз тасқын қаупіне душар болған адамдарға ақпаратты анығырақ жеткізуге тиіспіз. Келешекте мұндай оқиғалар көбейеді. Себебі климат өзгеріп жатыр. Халыққа жай ғана жаңбыр құяды деп айта салу жеткіліксіз. Тұрғындар апат кезінде не істеу қажеттігін жақсы түсінуі керек.
Метеорологтардың сөзінше, Валенсияның кейбір жерлеріне сегіз сағатта бір жылдың жауыны жауған. Айта кетсек, бұл – Испания үшін 1996 жылы 87 адамның өмірін қиған тасқыннан кейінгі ең үлкен су апаты. Ал Еуропада бұдан да сұрапыл тасқын 2021 жылы Германияда болып, кемінде 185 адамның өмірін қиған еді.
Арыстан Рысбек