Қазақстанда 2027 жылы дзюдодан әлем чемпионаты өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 2027 жылы дзюдодан әлем чемпионаты өтеді

30.10.2024

Мариус Визердің бұл Қазақстанға бірінші келуі емес, бұған дейін де бірнеше рет болған. Десе де, осы жолғы сапардың маңызы зор. Мәртебелі мейман еліміздегі дзюдоның қалай дамып жатқанын көрумен шектелмей, 3 жылдан соң өтетін әлем бірінішілігіне дайындық барысымен де танысты. Бұл біріншілік Лос-Анджелес Олимпиадасы алдындағы соңғы рейтингтік ұпай беретін маңызды жарыс. Жаһанның мықтылары қатысатын маңызды шара үшін неге Қазақстан таңдалды? Толығырақ Асылбек Даниярдың материалында.

IJF Президентін Халықаралық әуежайдан сала министрі мен Қазақстандағы федерация басшысы қарсы алды. Мейманға қонақжайлық танытып, ұлттық тағам бауырсақ пен қымыз ұсынылды.

Мариус Визер, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті: 

Мен Қазақстанға бірнеше жыл үзілістен кейін келіп тұрмын. Мұнда соңғы жылдары дзюдо қарқынды дамып келеді. Соның бірден-бір делелі - Олимпиададағы нәтиже. Менің ойымша, қазақстандық татами шеберлерінің бұдан да жоғары деңгейге жетуіне мүмкіндігі бар. Біз дзюдоны дамыту үшін бірлескен бағдарлама дайындап, келесі Олимпиада ойындарына және басқа да жарыстарға дайындаламыз. Сондай-ақ 2027 жылы Астанада ересектер арасындағы әлем чемпионатын өткізетінімізге қуаныштымыз.

Сонымен бірге Мариус Визер елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Әлем чемпионаты мен Олимпиада, Паралимпиада ойындарының жүлдегерлерімен және жас дзюдошылармен кездесті.

Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абиба Абужақынованың айтуынша, Қазақстанда өтетін әлем чемпионаты спортшыларды жігерлендіре түседі.

Абиба Абужақынова, Дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері:

Ең маңыздысы, бізге Лос-Анджелестегі Олимпиада. Соның алдында әлем чемпионатын алып жатқаны бізге рух береді. Екіншіден, өзімізде өткен соң көбірек әлем чемпиондарын шығаруға септігін тигізеді. Себебі, әлем чемпиондары өзімізден шықса, әнұранымыз айтылса, мен сол жерде әлем чемпионы болсам, жақсы-жақсы жетістіктерге жетсе біздің дзюдомыздың көтерілгені елімізге мақтаныш деп білемін.

Еске сала кетейік, Қазақстан дзюдодан әлем чемпионатын араға 12 жыл салып, екінші рет қабылдағалы тұр. Біріншілік 2015 жылы Астанада өтті. Оған әлемнің 120 елінен, 729 татами шебері қатысты. 60 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Елдос Сметов чемпион болса, финалға дейін сүрінбей жеткен тағы бір отандасымыз Рустам Ибраев күміс медаль алған. Жалпы есепте Ұлттық құрама 1 алтын, 1 күміспен 4-ші сатыға тұрақтаған еді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу