Көмірқышқыл газын бейтараптандыру – климаттың жаһандық өзгеруінің апатты салдарының алдын алуға мүмкіндік береді.
Бұл туралы бас қалада бас қосқан Халықаралық энергетикалық агенттік сарапшылары айтты. Назарбаев Университетінде өтіп жатқан 89-шы техникалық семинар еліміздің 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап елге айналдыру жолындағы маңызды қадамға бағытталған. Екі күнге жоспарлаған жиында отандық және шетелдік ғалымдар елдегі көмірқышқыл газын азайту жолдарын талқылайды.
Бо Гуннер Лекнер, Чалмерс технологиялық университетінің профессоры (Швеция):
Көміртекті бейтараптандырудың көптеген жолдары бар, бірақ оларды сәтті жүзеге асыру үшін қаржылай қолдау керек. Көмірді жақпай, оны тазартып сақтау маңызды. Көмірқышқыл газын тазалау арқылы теңіз түбінде көптеген жылдар бойы табиғи газ күйінде сақтауға болады. Бұл қазіргі таңда зерттеліп, келешекке ұсынылатын негізгі технологиялардың бірі болады.
Фабрицио Скала, Федерико ІІ атындағы Неаполь университетінің профессоры (Италия):
Қазір Италияда көміртекті сақтау процестері үшін қайнау қабатындағы конверсиялар технологиясы қолданылады. Бұл тәсіл жаһандық жылынуға байланысты биомасса мен қалдықтарды жағу үшін ұтымды. Яғни энергия тиімділігін арттырып, көмірқышқыл газдардың шығарындыларын азайтады. Қазір біздің зерттеу тобымыз жасыл сутегі пайдаланып, көміртекті метанға айналдыру процесімен айналысуда.
Бүгінде Қазақстан Париж келісімі бойынша 2060 жылға дейін көмірқышқыл газдардың шығарындыларын бейтараптыққа жеткізу мақсатын қойған. Ғалымдарымыз бұл ретте тиісті зерттеулер жасап жатқанын айтты.
Ербол Сарбасов, Назарбаев университеті инженерия және цифрлық ғалымдар мектебінің ассистент профессоры:
Бұл технология СО2-ны азайтуға өте ыңғайлы дәл қазіргі заманда. Себебі біздің 70 пайыз электр энергиямыз көмірден келіп жатыр. Соны жайлап ауыстыру керек. Оны немен ауыстырамыз? СО2-ны ұстап бір жерге көмеміз жер асты қоймаларына немесе көмірдің мөлшерін азайтып, оның орнына биомасса болмаса қалдықтарды азайтуға болады. Сол үшін қазір бастау керек. Біз станция саламыз дейміз, бірақ оларға ұзақ уақыт кетеді. Ал бұл технологияны біздегі бар станцияға қондыру жеңіл.
Ақмаржан Ғафизқызы