Павлодар облысында мемлекет ақшасына салынып жатқан медпункттер сапасыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Павлодар облысында мемлекет ақшасына салынып жатқан медпункттер сапасыз

Павлодар облысында мемлекет ақшасына салынып жатқан медпункттер сапасыз

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Павлодар облысында салынып жатқан медициналық мекемелерден ақау шыға бастады.

Өңірде бір типтік, жалпы аумағы 150 шаршы метрлік, әрқайсысының құны 136 млн теңге болатын 30 медициналық пункт салу жоспарланған. Әзірге олардың 7-і ғана дайын. Өйткені мердігер компаниялар бастапқы жобадан ауытқып, сапасыз материал қолданған.

Асқар Ажмұрат, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

Ақаулықтар болды. Сол ақаулықтарды қазір жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мына терезе бойынша ол енді орысша айтқанда человеческий фактор. Жаңағы мердігер тапсырысты дұрыстап бермеген. Қазір оны ауыстырдық. Сотқа арызды дайындап жатырмыз. Сотқа береміз.

Құрылысқа тапсырыс беруші басқарма бірнеше нысанды Республика күні лентасын қиып ашпақ болған. Бірақ әлеуметтік желіде медициналық мекемелердің сапасыз салынып жатқаны жайлы бейнетүсірілім тарап кеткендіктен жоспарлары аяқсыз қалды. Тағы бір айта кетері, пайдалануға әлі де толық дайын емес алты медициналық пунктің қабылдау актісіне қыркүйектің 19-ы күні қол қойып жіберген.

Болат Аманбаев

Бөлісу