Қазақстан мен Моңғолия президенттері келіссөз жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Моңғолия президенттері келіссөз жүргізді

29.10.2024

Моңғолияға мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Үкімет үйі алдындағы Сүхбаатар алаңында құрмет қарауылы және сауыт киген моңғол жауынгерлері сап түзеп тұрды. Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Содан соң Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Салтанатты рәсімнен кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық үшін ризашылық білдіріп, өзінің Қазақстан басшысы ретіндегі Моңғолияға алғашқы сапарына ерекше мән беретінін атап өтті. Президенттің сөзінше, Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Қос халықтың дәстүрі мен мәдени-тарихи тамыры ортақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті Президент, бүгін Сіздің шақыруыңыз бойынша Моңғолияға мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Маған және Қазақстан делегациясына, бұл – үлкен құрмет. Бүгін біз екіжақты маңызды құжаттарға, соның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қоямыз. Бұл қадам елдеріміздің барлық деңгейдегі ықпалдастығын жандандыруға арқау болмақ. Сондай-ақ қос халықтың игілігі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін.

Ухнаагийн Хүрэлсүх, Моңғолия Президенті:

Шын мәнінде, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын болған еді. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды.

Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында Моңғолия Президенті Мемлекет басшысына 60 мыңнан астам сөз енген Қазақ-Моңғол сөздігін сыйға тартты.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу