Басты Жаңалықтар Ақтөбе қаласының тұрғыны бауырының қайтыс болғанын үш айдан кейін білген

Ақтөбе қаласының тұрғыны бауырының қайтыс болғанын үш айдан кейін білген

Ақтөбе қаласының тұрғыны із-түзсіз жоғалып кеткен бауырының о дүниелік болғанын үш айдан кейін білген. Жанат Иманғалиеваның айтуынша, ағасы суға кетіп, қайтыс болған. Оның денесін полицейлер ұзақ уақыт бойы ұстап, одан кейін ғана тұрғылықты мекен-жайы жоқтарға арналған аумаққа жерлеп тастаған. Ал, тума-туыстарына ешқандай хабар берілмеген.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл Ақтөбе қаласының жанындағы бауырластар зираты. Мұнда аты-жөні анықталмаған тұлғалар мен іздеушісі жоқтар жерленеді. Қала тұрғыны бауырының қабірін арада үш айға жуық уақыт өткенде осы жерден тапқан.

Марқұм саяжай аумағындағы мына баспанада жалғыз тұрған. Шағын баспананы ол өз қолымен тұрғызыпты. Құрылыста жұмыс істегендіктен, ағайындары оның ұзақ уақыт хабарласпайтынына үйренген. Алайда, қарындасы 2,5 айдан кейін бір жайсыздықты сезіп, оған іздеу салғанын айтады.

Жанат Иманғалиева, марқұмның қарындасы:

Үш айға жақындаған кезде өзіміз естіп отырмыз. Бізді іздестірген жоқ. Бұл енді ақылға сыймайтын нәрсе. Даладағы жоқтаусыз жан ретінде көміп тастаған. 

Жанат Иманғалиеваның айтуынша, суға кетіп қаза тапқан ағасының денесі мәйітханада екі жарым айдан аса жатып қалған. Осы уақыт аралығында полиция бөлімінен ешкім хабарласпаған. Маусым айында қайтыс болған тұрғын тек қыркүйекте ғана жер қойнына тапсырылыпты. Құқық қорғаушылар марқұмның туыстарынан кешірім сұрап, ішкі тексеріс жүретінін айтқан.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті:

Осы факті бойынша полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижелері бойынша шешім қабылданады.

Жанат бауырын ақтық сапарға арулап шығарып сала алмағанына өкінеді. Енді ол полиция қызметкерлерінің үстінен прокуратураға шағым түсірмекші.


Жақсыбек Кемал

Бөлісу