Таразда маңызды көпірге күрделі жөндеу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда маңызды көпірге күрделі жөндеу қажет

28.10.2024

Тараздың кіреберісіндегі негізгі көпір құлағалы тұр.

Осылай деген тұрғындар тозығы жеткен өткелге жөндеу жүргізуі керек, деп дабыл қағып отыр. Талас өзенінің үстіндегі көпір 51 жыл бұрын салынған. Қала халқын 6 ауданмен байланыстырып, Алматы мен Астана бағытында жалғап жатыр. Көпірдің іргетасы тозып, бетон жабындылары бүліне бастаған. Өткел арқылы тәулігіне 20 мың көлік қатынайды.

Әділхан Мелдебеков, қала тұрғыны:

Қазіргі жағдайы өте ауыр. Машина өткенде тарсылдайды. Үлкен машиналар өтеді. Мен өзім осында тұрғалы жөндеу көрген жоқпын. Жыл да сырлайды.

Ал 22 жыл бұрын көпірдің бір бөлігі опырылып қалған. Тек 2 жыл бұрын ғана сарапшылар сейсмо зерделеу жүргізіп, ақауын анықтаған. Өзен ағысы мен мұздың қатуынан діңгектері зақымданып, бетон төсемелері жарылыпты. Қала әкімдігі көпірге күрделі жөндеу керектігін біледі. Бірақ қаржы қолбайлау болып тұр дейді.

Нұрсұлтан Исабеков, қала әкімінің орынбасары:

Мемлекеттік сараптамадан өткізіп отырмыз. Құны 6,4 миллиардты құрап отыр. Бұл бойынша республикаға бюджеттік өтінім берілді. Қазіргі таңда қолдау көрсеткен жағдайда біз келесі жылдың басында жобаны іске асырсақ деп отырмыз.


Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу