Өзіне сенімді жастар – ел болашағы. Олардың жұмыспен қамтылып, кәсіппен айналысуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл мәселелер Алматыда өтіп жатқан «Жастар Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін» атты форумда талқыланды. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырған шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Тәжікстанның жастар ұйымдарының өкілдері, сала мамандары, дін өкілдері мен үкімет мүшелері қатысты. 7 жылдан бері жалғасып келе жатқан жобаны Жапонияның үкіметі қаржыландырады.
Жиында Орталық Азиядағы жастар төңірегіндегі мәселелерді шешу жолдары ұсынылды. Қатысушылар осы саладағы тәжірибелерімен бөлісіп, жүзеге асқан түрлі жобаларды ортаға салды.
Айнұр Баймырза, БҰҰ ДБ Қазақстандағы басқару департаментінің басшысы:
Экстремизм мен терроризм туралы сөз болғанда біз алдымен оның себебіне үңілуіміз керек. Жастар неге түрлі ағымның жетегінде кетіп жатыр? Бұған жұмыссыздық және өз мүмкіндігін бағалай алмауы түрткі деп ойлаймыз. Осы жоба басталған соңғы 7 жылда байқағанымыз, ұнайтын ісімен айналысатын адам мұндай қадамдарға бармайды. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің бәріне қатысты.
Қуан Нұрақын