Республика күніне орай Ақтөбеде Димаш Құдайбергеннің көрмесі ұйымдастырылды. Облыстық өлкетану музейіне әншінің марапаттары, тұтынған бұйымдары мен фотосуреттері қойылған.
«Дүние дидарындағы Димаш» деп аталған көрме әнші репертуарындағы әсем әнмен ашылды. Шараға өңірдегі өнер жанашырлары мен әншінің тыңдармандары және қарапайым қала тұрғындары жиналды. Астанадан Димаштың ата-анасы да келді.
Көрме «Шабыт көздері», «Даңққа апарар жолда», «Жанкүйерлер махаббаты» және «Ұлт мәдениетінің жаршысы» деп аталған төрт бөлімнен тұрады. Қала тұрғындары бұл жерден әншінің отбасы мен өскен ортасы туралы да мол мағлұмат ала алады. Сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері берген сыйлықтары да қойылған. Көрме екі айға жалғасады.
Светлана Айтбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Ең басты мақсат – өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болсын деп ойға алған дүние. Көрмеде Димаштың жеке заттарымен қоса белгілі тұлғаларды, мысалы Джеки Чанның, тағы да басқа атақты адамдардың берген сыйлықтары, Димаштың костюмдері, сондай эксклюзивті дүниелер жинқталған.
Жақсыбек Кемал