Алматыда әлеуметтік қызметкердің көмегіне мұқтаж 2 мыңнан аса адам бар. Олар әрқилы тағдыр иесі. Бірі қамқоршысынан айырылған қария болса, енді бірінің мүмкіндігі шектеулі. Барлығы да қамқорлыққа зәру, қоғамнан жылулық күтеді. Ал ертең әлеуметтік сала қызметкерлерінің мерекесі.
Әлеуметтік қызметкер Ұлжан Дүйсенбекова Арман Исабекованың он жылдан бері күтушісі. 50-ден асқан келіншек, бала кезінен сал ауруына шалдыққан. Ұлжан оның үйіне аптасына екі рет барып, күтімін жасайды.
Арман Исабекова, қала тұрғыны:
Бұрын өзім жүріп-тұрушы едім. Қазір қозғалуым қиын, таяқпен жүремін. Ұлжан маған көмектеседі. Үйге келіп, ас үйімді ретке келтіріп, киімдерімді жинасады. Кейде бірге дәрігерге, банкке барамыз. Мінезі жайлы, байсалды адам.
Ұлжан Дүйсенбекова 33 жылдан бері тағдырдың қиындығымен бетпе-бет келіп, жалғыз қалған жандардың жанына демеу болып жүр. Ол осы уақытқа дейін 100-ден аса адамға күтім жасаған. Жұмысын шын ықыласпен атқарып, адалдықты ту еткен білікті маман биыл зейнет жасына келіпті.
Ұлжан Дүйсенбекова, әлеуметтік қызметкер:
Бұл жұмысқа төзімділік, табандылық, шыдамдылық керек. Қарттармен, үлкен адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Өзіме ұнайды. Олардан көп нәрсе үйрендім. Ақылдарын айтады. Әр адамның мінезіне қарай сөйлесеміз. Әлеуметтік қызметкер бірнеше саланы меңгеруі керек. Өйткені біздің көмегімізге жүгінетін адамдардың жағдайы әртүрлі.
Алматыда осы салада 420 маман еңбек етіп жүр. Әрқайсысы кем дегенде 8-9 адамға күтім жасайды. Ал 2 200-ден астам тұрғын қоғамға аса пайдалы әлеуметтік қызметкердің көмегін күтіп жүр.
Айдана Қуантхан