Ақтөбеде мемлекеттік қызметке 40 жас маман қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде мемлекеттік қызметке 40 жас маман қабылданды

26.10.2024

Елімізде Президенттің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік грант негізінде оқуын жақсы аяқтаған түлектерге мемлекеттік қызметке түсу тетіктері жеңілдетілген еді. Тек Ақтөбе облысының өзінде осы мүмкіндікті пайдаланып, 40-қа жуық жас маман қызмет атқарып жатыр. Олар Республика күні меркесінде форумға арнайы шақырылды.

Ернұр Әлібекұлы жоғарғы оқу орнын биыл ғана аяқтады. Мемлекеттік қызметші болуды арман еткен білімді жас бірден ауылға қызметке орналасты. Қазір Мәртөк аудандық Жұмыспен қамту және Әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде еңбек етіп жүр. Ол бұл қызметке конкурссыз тағайындалған.

Ернұр Әлібекұлы, Мәртөк аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:

Өзіміздің ауылдық жерден бастап елімізді дамытуға үлес қоссақ, онда еліміз алдағы он жылда көркейіп, дамыған елдердің қатарына қосылады деп ойлаймын. Ол үшін мамандар ең бірінші ниетімен жұмыс істеу керек, адал қызмет етуі керек.

Қазір өңірдегі аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарда Ернұр секілді ондаған маман еңбек етіп жүр. Олар бүгін облыс орталығында ұйымдастырылған форумға арнайы шақырылған. Солардың бірі еліміздегі ең жас аудан әкімдерінің бірі Нұрхан Төлеумұратов.

Нұрхан Төлеумұратов, Хромтау ауданының әкімі:

2023 жылдан бастап Хромтау ауданының әкімі болып қызмет атқарып жүрмін. Туған жерімде қызмет атқару өте жоғары жауапкершілік. Халықпен етене араласып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, үлкен тәжірибе жинақтап жатырмыз. Жауапкершілік бар. Жас болғасын көбіне нәтижеңді іс жүзінде дәләлдеу керек.

 «Жанам деген жүрекке от берейік!». Бұл бүгінгі форумның басты ұраны. Шара барысында қызметке енді ғана тағайындалған жас мамандар салтанатты түрде ант берді. Халық олардың антына адал боларына сенім білдіріп отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу