Еуропалық Одақ өкілдері Республика күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық Одақ өкілдері Республика күнімен құттықтады

25.10.2024

Еуропалық Одақ өкілдері де барша қазақстандықтарды Республика мерекесімен құттықтайды. Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы қатынас кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында қарқынды дамып келеді.

Былтыр өзара тауар айналымы 41 млрд долларды құрады. Қос тарап сауда мен инвестицияны арттырып, білім, ғылым, экология, жасыл энергия, көлік,логистика, барлығы 29 сала бойынша ынтымақты күшейтуге мүдделі. Еуропалық Одақ өкілдері Қазақстандағы саяси- экономикалық, әлеуметтік-құқықтық реформаларды жоғары бағалап отыр. Және оны жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетуге дайын.

Филипп Бенуа, Бельгия Сыртқы істер министрлігінің Шығыс және Оңтүстік Шығыс Еуропа, Орталық Азия департаментінің директоры:

Қазақстанмен қатынасымыз керемет дамуда. Бельгия королі Филиптің Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапары екі ел қатынасын мұнан да жоғары деңгейге көтеруге септігін тигізеді деген сенімдемін. Мерекелеріңіз құтты болсын.

«Белград мұнарасында» Қазақстанның туы желбіреді 

Республика күніне Сербия мемлекеті ерекше тарту жасады. Ел астанасының символына арналған ең көркем ғимарат «Белград мұнарасында» Қазақстанның көк туы желбіреді. 168 метрлік мұнара биыл 15 қазанда ашылған. Биік ғимаратта 5 жұлдызды қонақ үй және бизнес орталықтар орналасқан. Жалпы Сербия мен Қазақстан қатынасы қарқынды дамып келеді. Сербия басшылығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Сербия Республикасына жоспарланған сапары ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді деген сенімде.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу