Алматыда базар автотұрақтарына ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда базар автотұрақтарына ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіліп жатыр

24.10.2024

Алматының ірі базарларындағы автотұрақтарға жаңа ақы төлеу жүйесі іске қосылды. Жауапты мекеменің айтуынша, бұл базар маңындағы көлік кептелісін азайтып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге сеп. Алып шаһарда 60 әмбебап базар бар. Алдағы уақытта барлық коммуналдық мекеме аумағы кедергісіз төлем жүргізетін жүйемен қамтылмақ. Айдана Қуантхан жаңа төлем жүйесінің жұмысын көріп қайтты.

Айдана Қуантхан, тілші:

Алматының базарында қысы-жазы адам көп. Мұнда келушілерге арнайы автотұрақ қарастырылған. Енді көлік жүргізушілері тұрақтың ақысын жаңа жүйе арқылы төлей алады. Бұл шаһардағы ірі әмбебап базарлардың тұрақтарында іске қосылды. Ақы өзгеріссіз, сағатына 100 теңге.

Бұл жерге ешқандай тосқауыл орнатылмайды. Бейнекамера тұрақ ұзақтығын есепке алып, көліктің нөмерін, автотұраққа келген уақытын жазып алады. Жүйені жүзеге асыру - базар маңындағы кептелісті азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, дейді жауапты мекеме. Мұнда жылдам төлеуге арналған нұсқаулар мен QR кодтары бар ақпараттық белгілер ыңғайлы орнатылған.

Төлем жүргізудің түрлі тәсілдері қарастырылған. Алматы паркинг пен кез келген банктің мобильдік қосымшасы арқылы, QR кодты сканерлеп, тұрақтың ақысын төлей аласыз. Сондай-ақ, 1309 номеріне ақпараттық белгіде көрсетілген кодты хабарлама ретінде жолдауға болады. Қолма қол төлемді қалайтындарға ««Kassa 24» және «Qiwi» терминалдары қарастырылған.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу