Әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін шешуде Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС-тің пленарлық отырысының «БРИКС плюс»/«аутрич» форматында сөз сөйлеп, осылай деді. Қазақстан Президенті жиында әлемдік деңгейдегі тағы да бірқатар мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын айтты. Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.
БРИКС негізі 2006 жылы қаланған ұйым. Қазір құрамында 9 ел бар. Негізгі мақсаты елдер арасындағы сауда саттықтағы кедергілерді барынша азайту. Дегенмен бүгінгі саммитке 36 елдің өкілдері, 6 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысты. Сондай-ақ жоғары деңгейдегі 20-ға жуық делегация келген. Бұл ұйым БҰҰ қызметін толықтыра түседі деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз Еуразияның тең әрі біртұтас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Ресейдің тұжырымдамасын жоғары бағалаймыз. Оның түп негізінде өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту арқылы геосаяси қысымды төмендету ниеті жатыр. Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау, егемендікті қорғау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу және көпқырлы тәсілдерді қолдану арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасын қолдайды. Сондай-ақ еліміз Қытай мен Бразилияның Украина жөніндегі бейбіт жоспарын құптайды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің ойымызша, қақтығыстың кедейшілік, теңсіздік пен білімсіздік сияқты түп себептерін бірлесіп жою халықаралық саяси ықпалдастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала береді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды және оның құрамын Африка, Латын Америкасы, Азия елдерінің жаңа мүшелері есебінен кеңейтуді қуаттайды.
Қазақстан БРИКС-ке мүше елдердің барлығымен жақсы байланыс орнатқан. Былтыр жасалған сауда-саттықтың тең жартысы осы елдерге тиесілі. Енді көлік-транзит саласындағы ықпалдастыққа мән беру керек деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан БРИКС аймағында көлік-транзит саласын дамыту үшін әріптестік орнатуға дайын. Біз ең алдымен, «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бастамалары аясындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселесіне баса мән береміз. Бұл жобалар әлемдік алыс берісті жандандыруға және ұзақ уақыт бойы тұрақты тасымал дәлізі ретінде қызмет етуге мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ су тапшылығы, ауа температурасының күрт көтерілуі және шөлейттену секілді климат өзгерістерінің салдарын еңсеру үшін «БРИКС плюс» аясында сенімді серіктестік қатынастар қалыптастыру қажет екенін атап өтті.
Оңғар Алпысбайұлы