Абай облысында Республика күні қарсаңында бірқатар мерекелік шаралар басталды. Олардың ең маңыздылары бүгін Семей қаласында ұйымдастырылды. Құрылысы жүріп жатқан жабық футбол алаңы таныстырылып, жаңадан салынатын стадионның орнына уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.
Жабық футбол алаңының құрылыс биыл басталған. Нысанда күніне 100 балаға дейін қысы-жазы кәсіби түрде жаттығуға мүмкіндік бар. Мамандар футбол манежін жыл соңына дейін қолданысқа бермек. Ауқымды жоба FREEDOM HOLDING халықаралық қаржы тобының демеушілігімен іске асуда.
Айдын Қожахмет, «Жеңіс» футбол клубының бас директоры:
Бұл менің ойымша бүкіл Қазақстан қуанатын жайт. Өйткені соңғы екі жылда Семейде, осы Абай облысы қайта құрылғаннан кейін футболда үлкен-үлкен қадамдар жасалды. Соның бірі осы салынып жатқан манеж. Бұндай манеждер Қазақстанда көп емес. Біздің климатқа өте қолайлы.
Футбол орталығының жанынан үш жұлдызды қонақ үй бой көтереді. Оған қоса қалада UEFA стандарттарына сай келетін 12,5 мың көрерменге арналған стадион құрылысы басталмақ. Бүгін облыс әкімі, Нұрлан Ұранхаевтың қатысуымен ол жерде уақыт капсуласын салу салтанаты өтті.
Вадим Сек, «Елім-ай» футбол командасының техникалық директоры:
Төрт қабатта орналасқан барлық нормативтік талаптарға сай келетін стадион ғимараты болады. 5 гектар аумақты алатын толыққанды қалашық болмақ. Ал алаңның өзіне жылытқышы, автоматты суару қондырғысы бар табиғи көгал төселеді.
Республика күніне арналған мерекелік шара Абай атындағы театрда өтті. Салтанатты жиында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала үздіктері марапатталды.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
Абай елі қысқа мерзім ішінде облыс мәртебесімен, тынысын кең алып, бойына қан жүгіртіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Әлеуметтің әлеуеті артты, экономика нығайды. Заманауи нысандар бой көтеріп, өндіріс өсе бастады. Сөз жоқ оның бәрі жерлестеріміздің еселі еңбегі, табанды қызметі арқасында.
Ал ертең мерекеге орай бірнеше ауданда жаңада бой көтерген медициналық пункттер мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендер қолданысқа берілмек. Сондай-ақ 70 тен астам отбасыға баспана беріледі.
Ержан Жақып
