Асықты методикалық құралға айналдырған балабақша - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асықты методикалық құралға айналдырған балабақша

24.10.2024

Асық ату тек ұлттық спорт түрі емес, балаға пайдасы мол олжалы ойын. Осылай деген педагог Фарида Омарбекова балабақшаның 300-ге жуық бүлдіршінін асық атуға баулып жүр. Балалар асықпен жазу жазып, сызу сызады, ойлау қабілетін дамытады. Ерекше тәсілді енгізген Алматыдағы №187 балабақшаның балғындарымен әріптесіміз Айдана Қуантхан тілдесіп қайтты.

Тоғжанның қос балапаны да №187 балабақшаға барады. Үлкен ұлының тілі кеш шыққан соң, асық методикасын үйрететін бөбекжайға арнайы беріпті. Ерекше тәсілден нәтиже көрген. Қазір қызы Медина да осы балабақшаның тәрбиеленушісі.

Тоғжан Мейіржанқызы, Мединаның анасы:

Менің баламның сөздік қоры дамыды, сөздерді қосуды үйренді. Ауылға барған жағдайда екі баламмен асықты жинап әкелеміз. Ауладағы балаларға соны көрсетеміз.

Мұндағы балалар асықты оқу құралы ретінде пайдаланады. Асықпен жазу жазып, сурет салады. Бұл олардың қол моторикасын дамыта отырып, ойлау қабілетін ширатады әрі ми жұмысын жақсартады. Ал мына аяққа массаж жасау құралы табанға батпайды, дейді балабақша меңгерушісі Фарида Омарбекова.

Фарида Омарбекова, №187 бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі:

Сүйек – жаман энергияны өзіне қабылдап алады дейді. Ең бірінші, бала қауіпсіздігін ойлаймыз біз. Кіріп кетпейді, сырып кетпейді. Қазір майтабандылықтарда көп. Асық әдістемесінде отыру жоқ, балалар жүгіреді. Осы балабақшаға келген тәрбиеленушілер асықпен біте қайнасып жатады.

Балалар балабақшаға келген бетте сақасын сайлап, асық атуға кіріседі. Жалпы ұлттық ойынның пайдасы көл-көсір. Мәселен бала мергендік пен шапшаңдыққа үйренеді. Ептілік пен сергектікке баулиды. Қысқасы, түрлі дара қасиетті бала бойына дарытып, дамытады. Осылай деген балабақша ұжымы асық ойындарын тәрбиенің қайнар көзіне айналдырған.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу