Биыл 37 блогер табысын жасырғысы келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 37 блогер табысын жасырғысы келген

23.10.2024

«Бизнес-тренер мен коучтердің сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түсті». Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай осылай деп, оларға қатысты талапты күшейтуді ұсынды. Расында да, қазір түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар және психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздырып тұр. Олардың пайдасы мен зияны қандай? 

Әлеуметтік желіде ақылына ақы сұрайтын адам көбейді. Бірі табысқа жетудің төте жолын көрсетем десе, басқасы тұлға қыламын, отбасыңмен қоса бақытты етемін деген сарында уәде береді. Оларды өткен аптада депутат Жарқынбек Амантай сынап, теріс әсерін айтты.

Жарқынбек Амантай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«Аңқау елге арамза молда» демекші олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде «инфосығандар» деп атайды. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Бұлардың ешбір сүзгі мен қадағалаудан тыс өткізіп жүрген сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түсті.

Ал, Әйгерім Сүлеймен жеке бренд қалыптастырудың және табыс табудың жолын көрсетер курстар сатады. Айтуынша, қызметі заңға қайшы емес, керісінше, адамдарға пайдалы.

Кейбір деректерде еліміздегі осындай инфо бизнестің жылдық айналымы 500 миллион долларға жетеді. Бірақ, салықтағы сандар басқа...

Ерсайын Көптілеу, ҚР МКК жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы: 

Жыл басынан бері комитет тарапынан 745 блогерге қатысты жазылушысы 20 мыңнан жоғары блогерлер алынды. Нәтижесінде 37 блогерге қатысты табысын азайтып көрсету фактісі орын алды. Бюджетке 600 млн теңге көлемінде салық төленді.

Инфо бизнес өкілдерінен мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында былтыр петиция да жариялаған. Әзірге, нақты нәтиже жоқ.

Жұмамұрат Шәміш, тарихшы, қоғам белсендісі

Бүйректен сирақ шығарып, тисе терекке тимесе бұтаққа деп ұра беретін кім көрінген шығып кетті. Осыларға тыйым қашан болады? Бұларға айыппұлмен бір тыйым салмаса одан да сорақысын көресің. 

Ал бір топ депутат бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы кәсіби стандарттар бекітіп, заң жүзінде талапты күшейту керек деп отыр.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу