Такси қызметіне өзгерістер енгізіледі. «Яндекс», «Indriver» сынды түрлі платформаларға бірігуге тұра келеді. Олар өзара бірікпейді. Бірақ, өзін-өзі реттеу ұйымына қосылады. Ал, өзі жалғыз дербес түрде такси қызметін ұсынып жүргендер қайтпек? Самал Қабышева Мәжілісте талқыланған заң жобасы жайлы тарқатады.
Енді елімізде түрлі қосымша арқылы такси қызметін ұсынатындар өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болуға міндетті. Талапты орындамаса қызметін ұсына алмайды. Көлік министрлі осылай деді. Бұл жаңа заңға енгізілуі мүмкін өзгерістер. Ал, өзін-өзі реттеу ұйымы дегеніміз не? Ол біздің ел үшін не үшін қажет? Министр былай деп жауап берді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Кәсіби әлсіз тасымалдаушыларды өздігінен тасымал нарығынан шығаратын адал бәсекелестікке негізделген одақта қызмет атқаруға жағдай жасайды. Дамыған елдерде өзін-өзі реттеу экономиканың барлық саласында орын алған. Өзін-өзі реттеу Америкада 1934 жылдан бастап кәсіпкерліктің барлық секторында, тіпті денсаулық саласында да жұмыс істейді.
Яғни, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатындар бірігіп, өз тәртіптерін, тарифтерін бірлесе отырып бекітеді. Ал, такси қызметін өзі ұсынып жүрген жүргізушілерге ұйымға мүше болуға міндет қойылмайды.
Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Енді таксистерді отарлаудың қажеті қанша? Екінші сұрағым, бұлар өзі шулы қауым, ертең дүрлігетін болса, біз өзіміз таксимен жиі жүретін халықпыз. Кім көрінгеннен жаман сөз естігіміз келмейді. Дүрлігетін болса, өзіңіз жауапкершілікті мойыныңызға аласыз ба?
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Жауапкершілікті мойныма аламын. Мемлекеттік органнның бірінші басшысы ретінде.
Яғни, өзін-өзі реттеу ұйымы қарапайым жүргізушілердің мүддесін қорғауға бағытталып отыр. Себебі, түрлі платформаларды ойлап тапқандарға қарапайым жүргізушілердің бұған дейін талап қою мүмкіндігі болмаған, дейді министр.
Айта кетейік, өзін-өзі реттеуге қатысу үшін мүшелік жарналар қарастырылған. Оны автотасымалдаушылар палатасы мүшелері өздері белгілейді. Ұсынылған тариф түрі осындай.
Самал Қабышева, тілші:
Енді елімізде рулі оң жақта орналасқан көліктерге такси қызметін ұсынгуға тыйым салынады,. Бұл жөнінде көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті. Жобаны ІІМ бірлесіп отырып жасаған. Басты мақсатымыз жолаушылардың қауіпсіздігі деді, министр.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте жолаушыларды тасымалдауға қатысты салаға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Самал Қабышева