Самарқан қаласында «Өзбекстан – Қазақстан» 4-ші өңіраралық форумы өтті. Екі елдің үкімет басшылары сауда-экономикалық ынтымақты дамыту мәселелерін талқылады.
Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов қатысқан маңызды жиында екі жақты тауар айналымын арттыру, қос мемлекеттің президенттері қол жеткізген уағдаластықты жүзеге асыру жайы қаралды. Атап айтқанда өнеркәсіптік кооперация, су, энергетика, транзит және көлік, газ өнеркәсібі саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды. Соңғы 7 жылда өзара тауар айналымы 2,5 есеге артып, өткен жылы 4,4 миллиард долларды құрады. Қазақстан көрші елге мұнай-химия, металлургия, тамақ өнеркәсібі және фармацевтика салаларында экспорт көлемін арттыруға әзір. Сондай-ақ, Өзбекстанға отандық тауарлардың 40-тан астам түрін жеткізуге қауқарлы. Экспорт көлемін 550 миллион доллардан асыруға мүмкіндік бар. Форум барысында шекаралас облыстардың бір-бірімен тығыз байланыс орнатуына жол ашатын маңызды келісімдерге қол қойылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер- министрі:
Игі дәстүрге айналған біздің екі жақты кездесуіміз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің, өзара достық және ерекше құрмет рухына сай келетінін атап өткім келеді. Бұған ең алдымен мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Мирзиеевтың арасындағы сенімді саяси диалог ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда біздің алдымызда тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу бойынша ауқымды міндет тұр. Бұл тұрғыда өңіраралық қарым-қатынастың рөлі ерекше.
Абдулла Арипов, Өзбекстанның Премьер-министрі:
Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік, өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестік пен іскерлік қарым-қатынас cоңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Екі жақты ынтымақтастықтың осылайша өркендеуі әлбетте, мемлекеттерімізді басқарып отырған қос президент арасындағы достық пен сенімнің айғағы.
Базаркүл Отыншиева