Шымкентте есепші жымқырған ақшаны мұғалімдер қайтаруға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте есепші жымқырған ақшаны мұғалімдер қайтаруға мәжбүр

22.10.2024

Есепші жымқырған ақшаны ұстаздар қайтаруға мәжбүр. Шымкентте жемқорлығы үшін сотталып кеткен бухгалтердің құйтырқы әрекетінен 80-ге жуық мұғалім зардап шекті. Ұстаздар алмаған миллиондаған ақшаны қазір мемлекетке қайтаруға мәжбүр. Айтуларынша есепші бірнеше жыл бойы мұғалімдерге артық ақша аударып, кейін оны өзі кері қайтарып алып отырған.

Әйгерім Досалиеваның есепшотына екі жылдың ішінде мектеп есепшісі 5 рет артық ақша аударған. 28 мыңнан бастап 200 мың теңгеге дейін. Артынша «қателесіп кетіппін» деген желеумен қаржыны қолма қол әкеп беруін өтініпті. Есепшінің әрекетінен күдіктенген мұғалім әр жолы артық ақшаны банк есепшоты арқылы кері аударып отырған. Қолында оны дәлелдейтін чегі де, электронды дерегі де бар.

Әйгерім Досалиева, мектеп мұғалімі:

Бастапқыда 56 мың деген. Енді миллионнан аса болып тұр. Мен оны алған жоқпын. Не үшін беруім керек? Біз оны бердік қой. Бухгалтердің өзінің счетына аударып бердік. Қолма-қол да бердік.

Бухгалтердің осындай әккі тірлігіне Әйгерім секілді 78 мұғалім іліккен. Ұстаздардың арызнан соң білім басқармасы ішкі аудит тексерісін жүргізіп, нәтижесінде 21 миллион 600 мың теңге ақшаның мұғалімдерге артық берілгенін анықтаған.

Дәурен Қайым, Қалалық білім басқармасы мемлекеттік құқық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

 Енді ол бойынша құзырлы органдарға хат жаздық. тексеріп, анықтау жұмысын жүргізіп беру туралы. Олар анықтап құжаттарымен береді. Әрі қарай сотқа өткізу мәселесі болса оны қараймыз.

Ұстаздарды сан соқтырған бас есепші биыл 2 миллион теңгемен істі болып, сотталып кетті. Ал, бухгалтериядағы өзге былықтар енді әшкере болып жатыр. Соның салдарынан мектеп ұжымы тамыз айындағы жалақыларының жартысын ғана алған. Одан бөлек мектептің салық алдындағы берешегін өтеуге де артық қаржы болмай тұр.

Ләззат Сатаева, мектептің бас есепшісі:

Қосымша қаржы сұрап отырмыз. Екі айдың салығы бар, соның бәрір қосқанда 10 миллион ақша қажет болып тұр. Қараша айының айлығында тамызда алғандардың 50 пайызын төлеп береміз деп отырмыз.

Мектеп басшысы қазір денсаулығына байланысты уақытша демалысқа кеткен. Оның орнындағылар қаржылық құйтырқылыққа басы шатылған ұстаздарға қараша айының ортасына дейін артық аударылған ақшаларды қайтарып беруін бұйырыпты. Амалы таусылған мұғалімдерге енді есепшімен сыбайлас емес екенін дәлелдеу үшін сотқа жүгінуден өзге амалдары қалмай тұр.


Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу