Кеден бекеттерінде жүк көліктері тәуліктеп тұруға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеден бекеттерінде жүк көліктері тәуліктеп тұруға мәжбүр

21.10.2024

Кеденде тағы да кептеліс. Қазақстан - Қытай шекарасындағы Жетісу облысына қарайтын Достық, Нұр Жолы кеден бекеттерінде жүк көліктері тәуліктеп тұруға мәжбүр. Себебі, көліктерді онлайн кезекке қоятын «Карго Рұқсат» платформасына алаяқтар құрық салып үлгерген. Санаулы минутта бір адам жүздеген орынды рәсімдеп алып, кезекті телеграмм каналда ашық саудалауда. Ал, мемлекеттік кірістер комитеті кедендегі бұл келеңсіздікпен қалай күреспек? Әріптесім Қуаныш Қанатұлы зерттеп көрді.

Нұр Жолы кеден бекетінен Қытайға қарай тәулігіне 600-дей көлік өтеді. Алайда осы көліктердің өзі уақытында кіре алмай бірнеше күн тұрып қалады. Себебі кезекті онлайн реттейтін арнайы платформаның кемшін тұсы көп. Ең сорақысы бөтен адамдар жүйеге кіріп, кезек қоя алады. Осыны пайдаланған алаяқтар мыңға дейін орын алып, ашық түрде саудаға шығарып жатыр.

Бейбіт Ботабек, көлік жүргізуші:

Азанда келесің. Түнгі он екіге дейін кіріп үлгересің ғой. Он екіге дейін үлгермесең кезегің күйеді. Сол кезекті күтіп, қайтып қойып, қайтадан кіреміз.

Нихмет Юсупов, көлік жүргізуші:

Үкімет бір амалын таппаса біз сияқты қарапайым халыққа өте қиын. Мысалы мен бір тәулік ұйықтаған жоқпын. Кезек өте ақырын жылжиды.

Нұр жолы кеден бекетінде жүк тасымалдаушыларға арналған телеграмм канал бар. Ол жерде негізінен жүргізушілер мен кәсіпкерлер өздеріне қажет ақпаратты алмасып отырады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Телеграмм арнаға мен де тіркелдім. Негізінен халықаралық тасымалдауға рұқсаты бар кәсіпкерлер мен жүргізушілер кімге қай бағытта қандай көлік қажет екенін біліп, сұранысқа ұсыныс жасап отырады. Алайда алаяқтар кезекке қойып береміз деп оқтын-оқтын өздерін жарнамалап қояды. Біз біреуімен байланысқа шығып көрдік. Бірақ ешқандай жауап болмады.

Мемлекеттік кірістер комитеті платформаның қауіпсіздігін күшейту үшін бірқатар ұсыныс дайындаған. Біріншіден кезекке тұрған азаматты растайтын Фейс АйДи жүйесі енгізілуі мүмкін. Яғни суретке түсіп тіркелу міндеттеледі. Екіншіден кезек қойылып, кеденнен өтпесе айыппұл салынуы мүмкін.

Серік Дәукенов, «Нұр жолы» кеден бекеті басшысының орынбасары:

ҚР Әкімшілік Кодексінің баптарына байланысты айыппұл салуды қарастырып жатыр. Өйткені, бір адам бір күнде 100 машина қойып, 100 машинаны қайтадан шақыртып алса, ісі таза емес деген сөз.

Ал алаяқтар әзірге айласын асырып тұр. Кезекті заңсыз саудалаған күніне бірнеше дерек тіркеледі. Алыпсатардардың кім және қай жерден екенін нақты анықтау мүмкін болмай отыр. Платформа операторлары заңсыз тіркелгендерді тек бұғаттаумен шектелуде.


Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу