Қазақстанда квадробинг субмәдениетіне тыйым салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда квадробинг субмәдениетіне тыйым салынуы мүмкін

21.10.2024

Соңғы кезде жануарларша төрт тағандап жүру, олардың азығын пайдаланатындар көбейді. Ерсі қылығын еш қысылмастан әлеуметтік желіде жариялап жүр. Өздерін квадроберлерміз деп таныстырады. Бұған қоғам белсенділері мен мәжіліс депутаттары алаңдаулы. Квадробер деген кім? Бұл қаншалықты қауіпті? Оған Заңмен тыйым салуға негіз бар ма?

Дәл осы тектес видеолардан, қазір желіде көз сүрінеді. Олар өздері мұны заманауи тренд, субмәдениет деп түсінеді. Әсіресе Еуропа мен АҚШ елдерінде ушығып тұр. Көрші Ресей мен Өзбекстанда да тіркелген. Тіпті біз де де субмәдениеттің шеті көріне бастады.

Жасмин:

Мен әлеуметтік желіде өзімнің қаралымымды көбейту үшін квадробермін деп айта аламын. Бір жағынан бұл тренд. Бір күнде 50-60 мың қаралым жинайтын кездер болады. Бір жағынан өзіме қызық. Себебі күнделікті өмірден шаршайсың.

Иә бәрі осылай оқырман жинау үшін бастайды. Бірақ кейін өмір салтына айналып кеткенін сезбей қалуы мүмкін.

Ғалияш Махашева, психолог:

Ата-аналарға құлаққағыс. Егерде сіздің балаңыз қандай да бір ерсі әрекеттерді қайталайтын болса, бұл ерекше бала деген сөз емес. Бұл балада контакт жетпей жатыр деген сөз. Маған көңіл бөл деген сигнал. Өйткені көп отбасыларда жасөспірім балалар өзіне өзі келді деген оймен, эмоциялық жағынан көңіл бөлінбей кетеді. Себебі бала әркезде де бала.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев квадробиканы қоғам дертіне балайды.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ай өткен сайын төрт аяқты адамдар қатары көбейіп барады. Иә, олар мысыққа, итке, қасқыр, сілеусінге еліктеп солардың күйін кешуде. Тіпті, тамағын жейді. Бұл бір жұқпалы аурудай. Әсіресе, жасөспірімдер бір-бірінен көріп еліктеуде. Ата-аналарға дабыл қағып жатқаным да осыдан. Бұл субмәдениет. Бұның артында өзге күштердің үлкен бизнесі тұр! Сақ болыңыздар! Квадроберлердің әрекетін біздің органдар мұқият зерттеу керек. Керек десеңіздер, біз (Парламент) арнайы заң шығаруға да дайынбыз.

Өткен аптада Өзбекстан квадробинг субмәдениетін ұстанатын балалардың ата-анасына айыппұл салу туралы заң қабылдаған. Еліктеуіш келетін баланың санасын басқару оңай деген тұрғындар шетелдік субмәдениетті жою үшін әлеуметтік желіге шектеу қою керек дейді.

Аида Ахметбек, тілші:

Трендке айналған бұл субмәдениеттің негізін қалаған – жапондық Кеничи Ито. Ол 2008 жылы төрт тағандап жүруден 18,58 секундта жүз метрді бағындырып, әлем назарын өзіне аударды. Кейін ғаламтордың арқасында бұл спорт түрі, субмәдениет ретінде көпке танылды. Алайда мамандар баланың әр қылығына бейжай қарамауға кеңес береді.


Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу