Қазақстан Франкфурттегі кітап жәрмеңкесіне қатысуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Франкфурттегі кітап жәрмеңкесіне қатысуда

19.10.2024

Франкфуртте 76-халықаралық кітап жәрмеңкесі ашылды. Шараға әлемнің 95 мемлекетінен мыңнан астам автор қатысуда. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен отандық баспагерлер үшін «Қазақстан» деген атпен арнайы стенд ұйымдастырылған. Жәрмеңкедегі соңғы жаңалықты әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, Қазақстан стендіне қызығушылық қалай?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қайырлы кеш, Армангүл. Тұңғыш рет ашылған Қазақстан стендіне көптің қызығушылығы жоғары. Мұнда қазақтың тарихы, салт- дәстүрі әдет ғұрпынан сыр шертетін кітаптар Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов және басқа да ұлы тұлғаларымыз жайлы 250 ден астам тың туынды қойылған. Қазақ фольклоры, ертегілеріне де сұраныс жоғары. Бірнеше тілде жарық көрген кітаптарды шетелдіктер, әсіресе, Қазақстанда туып, өсіп, кейін тарихи Отанына оралған немістер көптеп сатып алып жатыр. Әдеби агенттер, отандық баспалар әріптестерімен ынтымақтастық туралы келісім-шарт бекітуде.

Ирина Заможеская, Франкфурт қаласының тұрғыны:

28 жыл болды Германияға көшіп келгеніме. Қазақстанда туып, өскендіктен елім өте ыстық. Жәрмеңкеде қазақ стенді бар дегенге келіп, Қазақстан тарихын сатып алдым. Балаларым қазақ тарихын білсін деймін.

Бақтыгүл Маханбетова, әдеби агент, аудармашы:

Үндістанның екі ірі баспасымен, Оңтүстік Кореяның екі ірі баспасымен, Қытайдың ірі баспаларымен жақсы келісімдерге қол қойдық. Бұйырса біздің авторлардың шығармалары басқа мемлекеттердің тілінде жарық көреді деген сенімдеміз.

Шараға еліміздің Жазушылар Одағының мүшелері, академик Оразалы Сәбден бастаған авторлар қатысып, оқырмандармен кездесіп жатыр. Аға буын өкілдерінің, жас жазушылардың заманауи стилдегі кітаптарының саудасы қызуда. Жәрмеңке ертең де жалғасады. Қазақстандық делегация өкілдері елге олжалы оралудан үмітті, Армангүл

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу