Басты Жаңалықтар 19 қазан - елімізде Құтқарушылар күнін атап өтеді

19 қазан - елімізде Құтқарушылар күнін атап өтеді

19 қазан - елімізде Құтқарушылар күнін атап өтеді. Бұл өрт сөндірушілер, азаматтық қорғаныс және суда құтқару қызметі мамандарының кәсіби мерекесі. Адам өміріне төнетін түрлі қауіптермен еш үрейсіз бетпе-бет келіп, өз бастарының емес, айналасының амандығына кепіл болып жүрген маман иелерімен әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тілдесіп қайтты. 

Парасат Торғай 4 жылдан бері өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап келеді. Әскерден келгеннен кейін осы салаға қызығушылық танытқан. Кешегі тасқында Миялы, Құлсары жерінде авариялық-құтқару жұмыстарына белсенді қатысты. Бұл салада тек мамандығын шексіз жақсы көретін және өз таңдауына адал қызметкерлер ғана жұмыс істей алатынын айтады.

Парасат Торғай, №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі:

Өзің физический дайын болмасаң адамды құтқару қиын. Сол үшін біз күнде жатпай-тұрмай дайындаламыз. Әр секунд маңызды. Ол ертең адамды құтқарған жағдайда біз оны алып шыға алмай қалсақ үлкен өкініш болар еді.

Ерлан Дәулетов, бөлімше командирі:

Парасаттың бойында ермінезділік бар, өртте жұмыс жасағанда қорықпайды. Көзге түсіп, қазіргі уақытта аға өрт сөндіруші лауазымына ие болды.

Өзгенің өміріне араша түсу үшін өз жанын шүберекке түйген осындай жандардың тағы бірі – Ержан Қалабаев. Оның бұл мамандыққа деген аңсары бала күнінен-ақ ауған. Аға-буынның ізінен еріп, өкше басып келе жатқан ол мамандығын адаспай тауыпты. Биыл бұл салаға келгеніне 15 жыл толды.

Ержан Қалабаев, құтқарушы:

Өтіп бара жатып осы саланың балаларын көрдім. Жүгіріп, турникке тартылып жүреді. Содан қызық болды маған. Адамдардың өмірін құтқару бәріміз үшін парыз. Батылдық керек. Құтқарушылық қызмет болашақ өсіп келе жатқан ұрпаққа үлкен үлгі деп ойлаймын.

Қызметтегі әр құтқарушының артында отбасы бар. Бала-шағасы мен шағын мемлекеттің түтінін түтетіп отырған әрбір келіншек азаматының өмірі үшін алаңдайды.

Иә, қауіп-қатерге толы жұмысын адал, зор жауапкершілікпен атқарып жүрген құтқарушылардың еңбегі талайға үлгі. Сондықтан бүгінгінің батырына айналған еңбек адамдарының мерейі лайым үстем болуға тиіс.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Бөлісу