Петропавлда құлаған 150 метрлік мұржаның орнына жаңасы салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда құлаған 150 метрлік мұржаның орнына жаңасы салынды

18.10.2024
0:00:00
0:00:00

Петропавл жылу электр станциясында түтін мұржасының құрылысы аяқталды. Естеріңізге сала кетсек, екі жарым жыл бұрын биіктігі 150 метрлік нысан опырылып түскен болатын. Үйіндінің астында қалған бір жұмысшы қайтыс болды. Жылу орталығы екі қыс бойы қос мұржамен жұмыс істеді. Былтыр сәуір айында жаңа мұржаның құрылысы басталды. Алайда биік нысан осінен қисайып кетіп, қайта бұзылған еді. Екінші рет салынған мұржаның құрылысын австриялық компания жарты жыл жүргізді. Кәсіпорын басшылығының айтуынша ол дайын болғанымен, қосалқы нысандарды салу қажет. Жаңа мұржа келер жылыту маусымынан бастап іске қосылады деп жоспарланып отыр. Әзірге құрылыс жұмыстарына 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Қондырғылардың тозу көрсеткішімен қатар, кәсіпорында кадр тапшылығы мәселесі де өзекті. Қазір 900-ден аса адам еңбек етіп жүрсе, 200 жұмыс орны бос тұр.

Анатолий Казановский, кәсіпорынның бас директоры:

Жаңа жылдан бастап, еңбекақы 30 пайызға көтерілді. Нәтижесінде жағдай тұрақталып келеді. Қазір орташа жалақы көлемі 380 мың теңге. Бұған дейін 250 бос орын тіркелген еді. Кадр тұрақсыздығы көрсеткішін 10 пайызға дейін төмендетуді көздеп отырмыз.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу