Брюссельде Берлин Еуразиялық клубының 41-отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Берлин Еуразиялық клубының 41-отырысы өтті

18.10.2024

Еуропалық Одақ Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегінен арылу жобасын қолдайды және оны жүзеге асыруға бағытталған озық тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бұл туралы Брюссельде өткен Берлин Еуразиялық клубының 41-отырысында мәлім болды.

Шараға қос тараптың мемлекеттік органдары мен қаржы мекемелерінің өкілдері, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты. Басқосуда экологиялық, әлеуметтік және корпоративті басқару қағидаттарының ЕуроОдақ пен Қазақстан, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтың сақталу жайы талқыланды.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

 ЕуроОдақ экологияны, жұмысшылардың әлеуметтік құқын қорғау бойынша өте қатал стандарт енгізген. Қазақстанда да осындай стандарт енгізіп жатырмыз. Біз экономикамыз экологиялық таза, әлеуметтік жауапты және басқару шешімдерінің стандарттарына сай болсын деген қағидаттарды ұстануымыз керек. 

Сирил Луазель, Еуропалық комиссияның энергетика бойынша бас директоратының халықаралық офицері

Қазақстан жасыл энергияға көшу және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша біздің Орталық Азиядағы белсенді серіктесіміз. Елдеріңіз екі жылдан кейін Аймақтық климаттық саммит өткізбекші. Бұл бізге жасыл энергияға көшуді жеделдету, Қазақстан мен аймақ елдерінде декарбонизацияны ілгерілету бойынша бірге жұмыс істеуге таптырмас мүмкіндік.

Н.Қасым

Хабарламаларға жазылу