«Петропавл – Қорған» тасжолының құрылысы 7 жылға созылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Петропавл – Қорған» тасжолының құрылысы 7 жылға созылды

18.10.2024

Солтүстік Қазақстанда халықаралық маңызы бар «Петропавл-Қорған» тас жолының құрылысы 7 жылдан бері аяқталмай келеді.

Салдарынан бастапқыда 13,2 млрд теңгеге бағаланған жоба құны 6 млрд теңгеге қымбаттап кеткен. Бұл жөнінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдастырған брифингте айтылды.

Құзырлы орган мамандарының мәліметінше жол жөндеу саласында басқа да олқылықтар анықталған. Мәселен мердігер мен мемлекеттік органдар арасында жасалған кейбір келісім шарттарда кепілдік мерзімі көрсетілмеген. Бұл – тапсырысты орындаушы компанияның жұмысты сапасыз атқаруына жол ашып, анықталған олқылықтарды жоюдан бас тартуға құқылы етеді. Жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген тексеріс жол құрылысын техникалық бақылау жағы да ақсап тұрғанын көрсеткен. Мәселен бір мезетте 30 учаскеде бір маман жұмыс істегені анықталды.

Айдос Жүнісов, СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті басшысының бірінші орынбасары:

Жолдың сапасына қайдан тексеру, қайдан бақылау жүргізеді. Бір объектінің басында мысалы үшін толық жұмыс күнін өткізе алмайтын болса. Ол егер объектіден объектіге айналып жүретін болса, әр объектінің басында жарты сағат, ары кетсе, жарты сағат уақытын бөлетін болса, онда ол салынып жатқан жолдың сапасы төмен болады деген ұйғарымға келіп отырмыз.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу