Ұлыбритания көмірден электр энергиясын өндіруді тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания көмірден электр энергиясын өндіруді тоқтатты

17.10.2024
0:00:00
0:00:00

Ұлыбритания көмірден электр энергиясын өндіруді тоқтатты. Осылайша 142 жыл бойы өндірісті еселеп келген ел қатты отынға деген тәуелділіктен құтылды. Елдегі жұмыс істеп тұрған соңғы көмір электр станциясы жұмысын доғарды. Мемлекет осылайша климаттың өзгеруімен күресіп жатыр. Бірақ бұл жаңалықтың кері тұстары да жоқ емес.

Марина Бекенова, тілші:

Ұлыбритания көмір энергетикасынан біржола бас тартты. Ғасырлар бойы көмір басты қуат көзі болып, қатты отынның арқасында елге жылу мен жарық берілді. Көмір өндірісінің дамығаны соншалық Ұлыбритания әлемдік супер державаға айналып, тіпті өнеркәсіптік революцияның қозғаушы күші болды. Енді сол қазба отынының дәуірі аяқталып, соңғы көмір электр станциясы біржола жабылды.

Мақсат – таза энергия көздеріне көшу. Көмір – қоршаған ортаға ең зиянды зат. Ол өртенген кезде мұнай не көгілдір отынға қарағанда көмірқышқыл газын, улы химиялық элементтерді көбірек бөледі.

Дэйв Джонс, энергетика саласы бойынша сарапшы:

Әлем бойынша көмірқышқыл газының 30 пайызы көмір электр станцияларынан шығады. Сондықтан Ұлыбритания үшін көмір энергетикасынан бас тартқан алғашқы ел атану өте маңызды қадам.

1984 жылы Маргарет Тэтчер үкіметі 20 көмір шахтасын жабу жоспарын жариялаған кезде, кеншілердің ереуілге шыққаны белгілі. Бұл жолы толқулар болмады, бірақ саналы ғұмырында жер астында еңбек етіп үйренген шахтадағылар қимастық сезімдерін жеткізді.

Пит Вордсворт, кенші:

Бұл шынымен де жанымызға батты. Бір жағынан налып отырмын. Екінші жағынан, әлем жасыл энергетикаға бет бұрып, қауіпсіздікке мән беріп жатқанын қолдаймыз.

Кейбір сарапшылар көмір электр станцияларын жабу энергия тапшылығына және бағаның өсуіне әкелуі мүмкін дейді. Үкімет қазірдің өзінде газдың құнын 14%-ға, ал электр энергиясын 10%-ға көтеріп отыр.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу